Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бір ауданнан шыққан 13 генерал: Жуалы – офицерлер жері

2022 жылдың 11 мамыр 2022 07:48

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының оңтүстік-бастысында орналасқан Жуалы ауданынан 13 генарал шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуалы десе, ең алдымен, ойымызға баһадүр Бауыржан мен Шерағаң түседі. Дегенмен, бұл екі алыптан бөлек, ел ішінде Жамбыл облысындағы Жуалы ауданы – генералдар елі аталып кеткен. Оның бірден бір себебі – осы бір аядай ауданнан 13 генералдың шыққандығы.

Алатау мен қарт Қаратаудың баурайындағы аудан тәрбиелеп-өсірген генералдар туралы қысқаша рет-ретімен беруді жөн көрдік:

1. Генерал-лейтенант Ковешников Дмитрий Степанович. Балалық шағы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында өткен. 1943 жылғы 17 қарашада Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. 1998 жылы 17 желтоқсанда Мәскеу қаласында дүниеден өтті.




2. Бақытжан Ертаев - «Халық Қаһарманы», генерал-лейтенант. 1952 жылы 25 маусымда Кеңес (бүгінгі Ертай) ауылында дүниеге келген. Ауған соғысының ардагері. 2008 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.




3. Сейітжан Мелдебекұлы Қойбақов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры. 1954 жылы 5 наурызда Шыңбұлақ ауылында туған.




4. Диханбек Жанқоразұлы Сатылғанов, Қазақстан Қарулы Күштерінің генерал-майоры. 1954 жылы 7 мамырда Шетбұлақ ауылында дүниеге келген. 2005 жылы генерал-майор шенін алды.




5. Генерал-майор Трегубенко Владимир Александрович. 1945 жылы қазан айында Шақпақ стансасында туған. Ауғанстандағы соғысқа қатысқан. 1979 жылы оған генерал-майор атағы берілген. Бүгінгі таңда Мәскеу қаласында тұрады.

6. Тромбачев Александр Тимофеевич, авиация генерал-майоры. 1923 жылы Б.Момышұлы (бұрынғы Бурное) ауылында дүниеге келген. Генерал-майор атағын 56 жасында алған. 1986 жылы Орджоникидзе атындағы орта мектепте қырық бірінші жыл түлектерінің 45 жылдық кездесуіне қатысқан.

7. Генерал Чумаков Роман Васильевич (шын аты Рәсілхан). 1928 жылы Бақалы өзені сағасындағы Сарықайқаң деген жерде туған. Төрт-бес жасында жетім қалған. Ашаршылық жылдары Нұрлыкент ауылында ашылған балалар үйінде тәрбиеленген. Балалар үйінде сол мекеменің күзетшісі Чумаков Роман Васильевичтің есімін алған. 1942 жылы арнаулы әскери мектепке алынып, Бішкек қаласында оқиды. Соғыстан кейін әскери училищені, Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы авиациялық институтты бітірген. 1961-1968 жылдары Ветьнам, Конго, Египет, Куба мемлекеттеріндегі әскери қимылдарға қатысқан. 1970-1981 жылдары Балтық жағалауындағы ПрибОВО-да генерал шенінде армия генералы қызметін атқарған. 1982 жылы отставкаға шығып, Мәскеуде тұрақтап қалған.

8. Генерал-майор Қуанышбек Үштаев. 1976 жылы 10 қазанда Көлтоған ауылында туған. Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы.

9. Есен Демесінов – ішкі істер қызметінің генерал-майоры. 1938 жылы 15 сәуірде Қайрат ауылында дүниеге келген. 2005 жылы дүниеден қайтты.




10. Тәттібай Дүйсебаев – ішкі істер қызметінің генерал-майоры. 1923 жылы Амангелді ауылында туған. 1996 жылы дүниеден өтті. Бұрынғы Амангелді ауылы бүгінгі таңда Т.Дүйсебаев ауылы болып аталады.

11. Арыстанғали Расылханұлы – ішкі істер қызметінің генерал-майоры. 1969 жылы Жаңаталап ауылында туған.




12. Әділет генерал-майоры Ыбыраев Тілебалды Пірманұлы. 1928 жылы 10 қаңтар күні Жуалы ауданындағы Қызыл Жұлдыз ауылында дүниеге келген. 38 жасында үшінші сыныпты мемлекеттік әділет – кеңесшісі, яғни генерал- майор атанды. 1999 жылы дүниеден өтті.

13. Әділет генерал-майоры Ғабит Төреұлы Миразов. 1965 жылы 19 қаңтарда Билікөл ауылында дүниеге келген. 1983-1985 жылдары Ауғанстан Республикасында азаматтық борышын өтеген.





Жоғары қарай