Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бір отбасын өрттен құтқарған қызылордалық полицей: Оны ерлік деп санаған емеспін

2021 жылдың 5 мамыр 2021 18:26

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полицей Дархан Әбдікәрімов былтыр көп қабатты үйде болған өртте бір отбасының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінде қызмет атқаратын қырағы полицей сын сәтте сыр берген жоқ. Қызыл жалын құшағына оранған пәтер ішінен отбасы мүшелерін сыртқа алып шықты. Оқиға былтыр 16 қазанда болған.




«Бұл сәтте мен секілді жігіттердің барлығы да солай әрекет етер еді деп ойлаймын. Оны ерлік деп санаған емеспін. Облыс орталығындағы өзім тұратын көп қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерден жанұшыра көмек сұраған әйелдің дауысын естігенде бірден-ақ оқиға орнына жеттім. Қызыл жалын біраз жерді шарпып үлгерген екен. Ойланып тұратын уақыт жоқ. Пәтердің ішінен кіріп кеттім. Алдымен бір жасар сәбиді сыртқа шығарып үлгердім. Сол қарбалас сәтте жүріп байқағаным, тілсіз жау жуынатын бөлмеден шыққан екен. Алғашқы сәтте үйдегі үлкендер оны өз күшімен сөндіруге тырысқан. Дегенмен ол барлық бөлмеге тарап кеткен», - деді Дархан бізбен әңгімесінде.




Мұндай сәтте өртпен арпалысқан адам жылдам шешім қабылдауы тиіс. Дархан қызыл жалынды ауыздықтау мақсатында пәтер ішіндегі электр желісін ажыратуға тырысты. Одан кейін тез жанатын және жарылу қаупі зор дүниелерді өрт ішінен сыртқа шығарып үлгерді.

«Өртті сөндіру мақсатында көршілердің барлығы атсалысты. Бұл қауіп-қатерге толы сәттер болатын. Сол бір уақытта барлығымыз бір кісідей жұмылып, бір отбасының амандығына себепші болдық», - дейді ол.

Дархан Әбдікәрімов Сырдария ауданына қарасты С. Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Ата-анасы Есенкелді мен Алмаш перзентінің осындай ерекше қасиеттерін әрдайым көпшілікке мақтан етеді. Ол өзі туып-өскен ауылдағы №137 қазақ орта мектебінде білім алды. Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қаржы және несие мамандығы бойынша білім алды. Ал заңгерлік мамандықты Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнында сырттай бітірді. Өзінің еңбек жолында 17 жылдан астам ішкі істер саласында табанды еңбек етіп келеді. Тәжірибелі маман бүгінде ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің Қызылорда стансасындағы желілік полиция бөлімінде абыройлы қызмет атқаруда. Ол жары Манатпен бірге отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Тәжірибелі тәртіп сақшысы Дархан Есенкелдіұлы ҚР ІІМ-нің және Көліктегі полиция департаменті басшылығының «Алғыс хатымен» бірнеше мәрте және арнайы төсбелгісімен марапатталған.


Жоғары қарай