Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бірқатар ауылшаруашылық өнімдерін импорттаушылар қара тізімге енгізілді - АШМ

2020 жылдың 29 шілде 2020 13:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанға халықаралық сауда нормаларын бұзып, 24 жүк көлікпен фитосанитарлық сертификаты жоқ өсімдік өнімдерін тасымалдауға тырысқан импорттаушыларға айыппұл салынып, олар қара тізімге енгізілді. Сонымен қатар, оларға 30 күн ішінде ҚР және РФ аумағында шектеулі санкциялар қолданылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 24-27 шілдесі аралығында Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» фитосанитарлық бақылау бекетіне Ресей Федерациясынан карантинге жатқызылған өнім: 10 – астық, 5 – картоп, 4 – жеміс, 3 – лимон, 2 – банан тиелген 24 автокөлік келген.

Карантиндік фитосанитарлық бақылау барысында ҚР АШМ мемлекеттік инспекторлары тауарлардың фитосертификаттары жоқтығын анықтады. Бұл өз кезегінде халықаралық сауда нормаларын, өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині жөніндегі халықаралық конвенцияның және Еуразиялық экономикалық одақ талаптарын өрескел бұзу болып саналады (ЕАЭО шарты, ЕЭК Кеңесінің 2016 жылғы № 157 шешімі, КОК 2010 жылғы № 318 шешімі).

«ЕАЭО Өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету туралы» Кедендік одақ Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №318 қаулысына сәйкес, «ЕАЭО кедендік аумағында карантиндік фитосанитарлық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы Ережеге» және «Өсімдіктер карантині туралы» ҚР Заңына сәйкес фитосанитарлық қауіптілігі жоғары өнімдерді республика аумағына экспорттаушы елдің фитосанитарлық сертификатынсыз тасымалдауға қатаң тыйым салынады.

Осының негізінде барлық 24 автокөлік тоқталып, соның салдарынан ҚР және РФ шекарасы арасындағы жолда ұзын-сонар кезек пайда болды.

Алайда, екі елдің бекеттері арасындағы кептеліс салдарынан туындаған қолайсыздыққа байланысты, сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жүктердің фитосанитарлық жағдайы терең зертханалық зерттеуден өткізіліп, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға айыппұл салып және ЕАЭО өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзушылар тізіміне енгізілгеннен кейін жүк көліктерінің Қазақстанға кіруіне рұқсат етілді.

Сондай-ақ, аталмыш импорттаушыларға 30 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағында фитосанитарлық сертификаттар ала алмайтындығы түсіндірілді.

Сонымен бірге, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Ресей ауыл шаруашылығын бақылау комитетімен осындай заң бұзушылықтардың алдын алу және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша іс-шаралардың бірыңғай алгоритмін әзірлеу жөнінде келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қазақстан шекарасында карантиндік фитосанитарлық бақылауды күшейтіп, заң бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қолданады.


Жоғары қарай