Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Бірлігімізге бекем, жақынымызға демеу болайық – Дулати университетінің ректоры

2020 жылдың 9 шілде 2020 17:43

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы М. Х. Дулати университетінің ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Махметғали Сарыбеков Мемлекет басшысының еліміздегі ахуалға байланысты үндеуіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күні кеше Мемлекет басшысы коронавирус індетінің ауыртпалығы мен елімізде қолға алынған шаралар жайында кезекті үндеуін жолдады. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсету – маңызды. 5 шілдеден бастап елімізде карантин шаралары қайта күшейгені баршаңызға мәлім. Бұл індетпен күресу үшін қажетті қадам болды. «Жақыныңа жанашыр бол» деген ұстанымды барша ақпарат көзі жарыса жариялап жатыр. Бұл дегеніміз – өзіңді ойламасаң да өзгенің өміріне қауіп төндірме дегені. Иә, осы бір қауіпті дерттен талай адам жақынынан айырылып, қара жамылды. Қайғыдан қан жұтқан әрбір жан үшін қабырғамыз қайысып қайғырамыз. Мемлекет басшысы COVID-19 індеті мен пневмония салдарынан дүние салғандардың жақындарына көңіл айтып, 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Осылайша, өмірден озған азаматтарымыздың рухына құрмет көрсетілуі дұрыс деп есептеймін», - дейді ректор.

Сонымен бірге, спикер ауыр кезеңде жығылғанға жұдырық болған жағдайлар да азаймай тұрғанын атап өтті.

«Бірі жалған ақпарат таратса, бірі қолдан қымбатшылық тудырады, енді бірі – бар дәрі-дәрмекті жоқ етіп, тапшылық жасап отыр. Бұл халқымызға ауыр тиіп, көңілге күдік пен қорқыныш ұялатады. Мемлекет басшысы кешегі сөзінде осындай заңсыздыққа барған азаматтар заң жүзінде жазаланатынын жеткізді. Сондай-ақ, ел ішін «Осылай емделу керек, мына дәріні ішу керек» деген небір ақпарат кезіп жүр. Мұндай жалған мәліметтер де зардап шектіруі мүмкін. Әр адамның ағзасы әр түрлі. Біріне қонған ем енді біріне кері әсер беруі мүмкін. Бұл туралы да Президент өз ойын жеткізген болатын. Күдік пен қорқыныш, белгісіздік пен шарасыздық әр адамға ауыр әсер етеді. Бұл қорқыныш аурудан да күштірек әсер ететін сыңайлы. Осы тұста әр адам өз ісіне, әрбір сөзіне жауапты екенін сезінуі керек. Дулати университеті ұжымы атынан баршаңызды індетпен күресуді жалғастыруға шақырамын. Бұл дертті қарқынды күреспен, ауызбіршілікпен және қатаң тәртіппен ғана жеңеміз. Дертті түбі жеңерміз, жақсы күнге де жетерміз. Ол үшін бізге бірлік, ынтымақ, қажыр-қайрат қажет. Еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын», - деді М. Сарыбеков.

Еске сала кетсек, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жасады. Өз сөзінде Президент 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.



Жоғары қарай