Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Бірлік» саяси партиясы атауын өзгертті

2020 жылдың 5 қараша 2020 17:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бірлік» саяси партиясының атауы «Адал» болып өзгертілді. Ребрендинг туралы шешім 5 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен партия Саяси кеңесінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партия төрағасы Серік Сұлтанғали атап өткендей, «Бірлік» партиясы жұмысын қайта бастауға дайын. Ол тек басқару органдарына ғана емес, жалпы философияға да қатысты болмақ.

«Біз ребрендинг секілді, атауды өзгерту туралы зерттеу жүргіздік. Зерттеуді кәсіби әлеуметтанушылар жүргізді. Олар атаудың 10-ға жуық нұсқасын қарастырды. Талдау нәтижелері бойынша «Адал» нұсқасы жеңіске жетті. Мамандар бұны халықтың жаңаруға деген қажеттілігін, әділеттілікке деген сұранысын түсіндіреді дейді. Сондай-ақ, адамдар әділеттілік сөзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен бастап, шешім қабылдаудың ашықтығына дейін үлкен мағына береді»,- деді партия төрағасы.

Партия атауын өзгерту туралы ұсыныс Саяси кеңес мүшелерінің дауыс беруіне шығарылды. Нәтижесінде, «Адал» атау қолдау тапты.

Сонымен қатар, отырыс барысында партияның сайлауға қатысуы туралы мәселе талқыланып, халықтың табысын арттыру, әділ мемлекет, білім беру мен адами капиталды дамыту, өңірлер мен АӨК-ні дамыту, жастарға жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қамтитын сайлауалды науқанның 7 бағыты ұсынылды. Науқанның соңғы нұсқасы 16 қарашада сайлауалды съезде бекітіледі.

Серік Сұлтанғали күн тәртібіндегі сайлауалды мәселелерден бөлек, саяси кеңеске енген партияның жаңа 9 мүшесін таныстырды. Олар:

- Жұмағазиев Элдар Тынышбайұлы, «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі;

- Садырбаев Алмасбек Жұмабекұлы, «Шопан Ата» Ұлттық Қазақстан қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы;

- Маликова Лаура Алмасбекқызы, Тәжірибелі экологтар қауымдастығының басшысы;

- Ордабаев Олжас Темірбекұлы, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары;

- Назаров Ардақ Құттықожаұлы, әлем чемпионы, қоғам қайраткері;

- Максат Толықбай, танымал тележурналист;

- Дәулет Мұкаев, танымал тележурналист, әлеуметтік жобалардың авторы;

- Шацкий Игорь Владимирович, қоғам қайраткері;

- Қожамқұлов Мұрат Әкімханұлы, «Адал» партиясы филиалының басшысы.

«Қазір біз Мәжіліс пен мәслихаттар үшін партиялық тізімдерді қалыптастырудамыз. Қорытынды бойынша әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота сақталады. 30 қыркүйекте өткен съезде өз күш-жігеріміз, тәжірибеміз бен көзқарасымыз бар екенін айтқан болатынбыз. Мен өз сөздерім мен партияның жаңаруын растаймын. Жаңа құрылымның енгізілуі бізді одан әрі нығайта түспек. Бүгін біздің саяси кеңесімізге өз тәжірибесі мен білімін енгізер түрлі саладағы жаңа тұлғалар, қоғам қайраткерлері енді.Біз сайлауға қатысуға дайындалып жатырмыз, тиісті идеологиялық, талдау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды», - деді Серік Сұлтанғали.

Кездесу соңында «Бірлік» партиясы мен экологтар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасындағы қоршаған ортаның сапасын жақсарту үшін өзара іс қимылды кеңейту, тараптардың ынтымақтасуы болып табылады. «Бірлік» партиясы мен Қауымдастық ҚР экологиялық заңнамасын жетілдіру жөнінде бірлескен ұсыныстар әзірлеп, сондай-ақ қоршаған ортаның, экологиялық зерттеулер мен мәдениеттің сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүргізетін болады.

Еске салайық, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісінің мандаттары үшін сайлауға түсетін 6 саяси партияның тізімін жариялады. Оның арасында «Бірлік» партиясы бар.

Алайда, аталмыш партия Шымкент қаласында және Түркістан облысында мәслихаттар сайлауына қатыса алмайды. Себебі «Бірлік партиясының бұл өңірлерде филиалдары жоқ. ҚР ОСК Төрағасы Берік Имашевтің атап өтуінше, партия аталған өңірлерде филиалдарын ашса, сайлауға түсуге мүмкіндік алады.


Фото: indepalace.kz
Жоғары қарай