Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Биыл 35 бала көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап кеткен

2020 жылдың 1 маусым 2020 18:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы жылдың басынан бері елімізде көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен 35 бала құлап кетті. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы 111 бала терезеден құлап кеткен болатын. Содан кейін біз құрылыс комитетіне кішкентай балалар құлап кетпес үшін пластик терезелерге арнайы құрылғы орнату бастамасымен шықтық. Биыл пайдалануға берілетін жаңа үйлердің терезелері осындай құрылғылармен жабдықталады», - деді В.Беккер.

Оның дерегінше, осы жылдың 5 айында ғана көппәтерлі тұрғын үйлердің терезесінен 1-8 жас аралығындағы 35 бала құлап кеткен. Мұндай қайғылы оқиға Нұр-Сұлтанда - 8, Қарағанды облысында - 7, Жамбыл облысында - 3, Павлодар, БҚО, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында 2 реттен, ШҚО, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында бір реттен орын алған. Мамыр айының өзінде 1-ден 6 жасқа дейінгі 21 бала терезеден құлаған.

Осы орайда комитет басшысы терезеге арналған құрылғының қандай болатынын БАҚ өкілдеріне көрсетіп, пәтер терезесіне орнатып алуға кеңес берді.

«Бұл құрылғы аса қымбат та емес. Бағасы өндірушісіне байланысты 1- 2 мың теңге аралығында. Меніңше, негізгі проблема дәл осы құрылғылардың терезеде жоқтығында емес, үлкендердің немесе ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруында болып тұр», - деді Владимир Беккер.





Жоғары қарай