Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Биыл 500-ден астам шағын бизнес нысанының несие төлеу мерзімі ұзартылған

2021 жылдың 12 желтоқсан 2021 16:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов шағын және орта бизнеске жеңілдік беру жайлы депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, биыл Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын орындау үшін ведомство төрағасының 2021 жылғы 9 сәуірдегі «Шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін бекіту туралы» № 127 бұйрығы қабылданды», - деп жазды Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Бұл жерде әңгіме ШОБ нысандарына 2021 жылғы 1 сәуірге дейін, жеке кәсіпкерлерге 2021 жылғы 1 сәуір мен 30 маусым аралығында берілген кредиттер туралы болып отыр.

«Кейінге қалдыру мерзімі ШОБ субъектісінің таңдауы бойынша 30-дан 90 күнге дейін болды. Қарыз алушының өтінішінде төлемдерді кейінге қалдырудың өзге мерзімі көрсетілуі мүмкін. Кейінге қалдыру кезеңінде қарыз алушыға қатысты талап-арыз жұмысы, мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлама, сондай-ақ кредитордың комиссиялық және өзге де төлемдерді алуы тоқтатылды», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Айтуынша, 2021 жылы екінші деңгейлі банктерге 603 қарыз алушы ШОБ субъектілерінің қарызы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру туралы өтініш берген.

«Оның ішінде 553 ШОБ субъектісі 9,7 млрд теңге соманың несие төлемін кейінге қалдыруға мүмкіндік алды. Микроқаржы ұйымдарына 131 ШОБ субъектісінен өтініш түсіп, 95 нысанның 105,8 млн теңге көлеміндегі несие төлемінің уақыты шегерілді» - деп жазды Әлихан Смайылов.


Жоғары қарай