Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Биыл ақмолалық оқушылар қайда демалады

2020 жылдың 1 маусым 2020 21:01

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Пандемия кезінде Ақмола облысындағы балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру үшін мазмұнды демалыс ұйымдастырылады. Бұл туралы брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру үшін «Қазақстан балалары, жазды шаттықпен өткізейік!» тұжырымдамасын әзірлеуде. Бүгінде облыс бойынша 1-10 сынып аралығында 120 мың оқушы білім алады. Биыл балалар мен жасөспірімдер қалыпты жағдайда демалып, денсаулығын түзеу үшін қала сыртында 20 жазғы демалыс лагері жұмыс істеп, 14 000 бала қамтылады.

«Барлығы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Егер жағдай дұрыс болып, санитарлық қызмет рұқсат беріп жатса, лагерьлер штаттық режимде жұмыс істейді. Яғни, өңірдегі қала сыртындағы лагерьлердің жұмысы 15 маусымнан басталады», - дейді Ботакөз Дүйсенова.

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, оқушылардың 70 пайызы 454 профильді алаңдар және жазғы демалыстың шығыны аз түрімен қамтамасыз етіледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 10 мың оқушы Ақмола облысының киелі орындарына танымдық саяхат жасайды.




Биылғы жылдың маусым-шілде айларында 100 оқушы «Бір апта ауылда» және «Бір апта қалада» әлеуметтік бастамасына қатысады. Есіл, Ерейментау, Жарқайың және Шортанды аудандарында «Туған өлкені зерттейміз» тарихи-өлкетану экспедициясы өтеді.

Ал, Астрахан, Ерейментау, Жақсы, Зеренді және Бурабай аудандарында мектеп оқушыларының қатысуымен археологиялық экспедиция ұйымдастырылады.

Білім ұйымдары жанындағы музейде 237 өлкетану үйірмесі жүргізіледі. Әр ауданда жалпы 5 мыңнан астам оқушының қатысуымен «Ұлы Дала елі» дала экспедициясы өткізіледі.






Жоғары қарай