Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Биыл автокөлік жолдары саласында қандай жобалар іске асырылады

2022 жылдың 16 наурыз 2022 10:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында өнеркәсіп пен инфрақұрылымға қатысты нақты міндеттерді қойды.

«Әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруге тиіс. Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы маңызды міндетті шешудің оңтайлы жолын табуға тиіс», - деп атап өтті Президент. Сонымен қатар, Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды екені айтылды. Президент еліміздің ішкі байланысын жақсарту үшін көлік инфрақұрылымына қатысты бұған дейін басталған барлық жобаны аяқтауды тапсырды. Мұнымен қоса, әкімдер мен Үкімет әрбір өңір үшін дәл осындай Инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қолға алуы керек екені жүктелді. Осы орайда бұл тапсырмалар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бағытында іске асырылып жатқаны жобалар туралы мәліметті ұсынуды жөн көрдік.

Өнеркәсіп үшін шикізат тауарлары бағасының қолжетімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында (2020 жылы) отандық өңдеу өндірістерін шикізатпен толық жүктеуді қамтамасыз ететін реттеуші тетіктерді әзірлеуді тапсырған болатын. Маңызды тапсырманы жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 27 желтоқсанда қабылданды. Заңның 60-бабы өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз етуді реттейді.

Отандық шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қолдану шикізатты өндірушілер мен қайта өңдеушілер мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, өнім өндіру көлемін ұлғайту, өндірілетін өнімнің номенклатурасын кеңейту, өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісім аясында өткізілген отандық шикізатты үшінші тұлғаларға одан әрі қайта сатуға жол бермеу қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне басымдық берілетін тауарларды өндіру үшін қажетті көлемдегі отандық шикізатты Лондон металдар биржасынан төмен бағаға беру қарастырылған.

Сонымен қатар, түсті металдарды қайта өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылады. Бүгінде алюминий саласында 7 келісімге қол қойылды, оған сәйкес өткен жылдың қараша айынан бастап бұл компаниялар шикізатты 5% жеңілдікпен алады. Алдағы уақытта барлық үш метал (алюминий, мыс және қорғасын) бойынша тағы бірнеше келісімге қол қою жоспарланған.

Цифрлық технологиялар трансферті

Мемлекет басшысы өз жолдауында қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі болып саналатын терең цифрландыру мәселесіне үлкен мән берді. Президент Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу аса маңызды екенін атап өтті.

Индустрия 4.0 - бұл, бірінші кезекте, өнеркәсіп өндірістерін технологиялық жаңғырту. Оның маңызды элементтері үлкен деректер (big data), цифрлық қосарластар, жасанды элементті енгізу және т.б. болып отыр.

Министрлік өнеркәсіпті цифрлық трансформациялауды ынталандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, бұл болашақта өндірістік шығындарды оңтайландыру, жұмыс орындарын жоғалтпай еңбек жағдайлары есебінен кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен жарақаттануды төмендетуге мүмкіндік береді.

«Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңы аясында Индустрия 4.0, цифрлық трансформация, цифрлық технологиялар сияқты анықтамалар бойынша түсініктемелер берілді.

2021 жылы Өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін 20 цифрлық стратегия әзірленді. Осы стратегияларды әзірлеу технологияларды пайдалана отырып, жаңа цифрлық өндіріс қоятын талаптарға жауап беретін болады. Биылғы жылы қосымша 20 цифрлық стратегия әзірлеу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, цифрлық трансформацияны енгізу есебінен ҚР өнеркәсіптік кәсіпорындары өндірісінің тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шараларының тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Ағымдағы жылы Министрліктің алдында ел экономикасына кірістің 80% – ын құрайтын 900-ден астам ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландырудың ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізу міндеті тұр.

Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар «цифрлық» жобаларды іске асыру үшін тартымды жағдайлар туғызатынын атап өткен жөн. Әрине, бұл инвесторлар, технологиялық көшбасшылар үшін жаңа мүмкіндіктер.

Инфрақұрылымдық даму

Өңірлердің көліктік байланысын күшейтуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйекте облыстар мен Нұр-сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларының әкімдіктеріне әрбір өңір үшін инфрақұрылымдық даму жоспарларын бекітуді тапсырды.

Айта кетейік, елдің «ішкі байланысын» күшейту мақсатында көлік инфрақұрылымы бойынша басталған барлық жобаларды аяқтау қажет болды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бекітілген ұлттық жобасы шеңберінде орталықты өңірлермен байланыстыратын бірыңғай көлік желісі қалыптасуда. Стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Әкімдер мен Үкіметтің алдында әрбір өңір үшін инфрақұрылымдық дамудың осындай бағдарламаларын іске қосу міндеті тұрды.

Бүгінгі таңда мәслихаттар өңірлер арасындағы байланысты дамытуға ықпал ететін өңірлердің инфрақұрылымдық даму жоспарларын бекітті.

Бекітілген жоспарлар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілмеген көлік инфрақұрылымдарын жаңғырту жөніндегі бұрыннан келе жатқан мәселелерді шешетін болады.

Автокөлік жолдары саласында биыл іске асырылатын жобаларға тоқталсақ, бірінші кезекте ұзындығы 3,7 мың шақырымды құрайтын «Алматы-Қарағанды», «Талдықорған-Өскемен», «Меркі-Бұрылбайтал», «Ақтөбе-Атырау-Астрахань», «Қалбатау-Майқапшағай», «Қостанай-Қарабұтақ», «Үшарал-Достық», «Үлкен Алматы айналма жолы» және тағы басқа өтпелі жобалары аяқталатын болады. Сонымен қатар, биылғы жылы «Қызылорда-Жезқазған», «Түркістан қаласының айналма жолы», «Подстепное-Федоровка» жобалары басталмақ. Бұдан бөлек, келесі жылы жобаларды бастау үшін «Атырау-Орал», «Жезқазған-Қарағанды», «Ақтөбе-Ұлғайсын» учаскелері бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленуде.

Таза ауыз сумен қамтамасыз етуді

Бүгінгі таңда елімізде сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 96% құрайды, оның ішінде: қалаларда - 98,1%, ауылдарда-93%.

Қызметтерге 100% қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыруға «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау ескерілген. 2021-2025 жылдарға арналған қадамдар қамтылып отыр. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға, реконструкциялауға республикалық әрі жергілікті бюджеттерден 203 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыру көзделген.

Осылайша, 2022 жылы қалаларда халықтың 98,5% - ын және ауылдарда халықтың 94% - ын қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарлануда.

Жалпы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес, 2025 жылы Қазақстан халқының 100% - ын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ауылдарды сумен қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу мақсатында интерактивті карта іске қосылды. Карта әр ауыл бойынша барлық қажетті ақпаратты қамтиды, атап айтқанда сумен қамтамасыз ету, қаржыландыру, қаражатқа қажеттілік, халық саны, ұзақтығы, тозуы және басқа да мәліметтерді таратады. Карта интернетте ашық қолжетімділікте орналасқан, яғни әрбір азамат қызықтыратын ауыл бойынша ақпаратты көре алады.


Жоғары қарай