Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 381.10
EUR 420.81
RUB 5.65
CNY 54.57

Биыл Маралды көліне 50 мыңға жуық турист келген

2019 жылдың 23 желтоқсан 2019 16:52

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Алдағы 3 жылда Маралды көліне келетін туристердің санын 150 мыңға жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бапсасөз жиынында Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов мәлім етті.

«Биыл Маралды көлінің жағасында 50 мыңға жуық адам демалды, - деді Әзілхан Әбеуов. – Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан төмен. Ол ауа райымен байланысты деп ойлаймыз. Біз облыс әкімінің тапсырмасымен Маралды тұзды көлі және «Шалдай» курорттық аумағына қатысты туризмді дамытудың 3 жылдық жоспарын жасап қойдық. Жоспар бойынша, Маралды көліне келетін туристердің санын 2023 жылға дейін 150 мыңға жеткізбекпіз».

Еске салайық, Маралды көліне 2018 жылы 60 мың адам келген болатын. Ал, 2017 жылы 35 мың турист демалған. Спикердің айтуынша, Маралды көліндегі демалыс орнын дамыту үшін биыл инвестор 150 млн теңге жұмсаған.

«Курорт Маралды» ЖШС көлдегі туризмді дамтыумен жұмыс жасайды. Биыл инвестор қомақты қаржысын құйды. 3 жаңа дәмхана салынды. Алдағы уақытта құзырлы басқарма арқылы тұщы көлді де жеке иелікке беріп, онда балық аулауды дамытпақпыз», - деді аудан әкімі.

Әзілхан Әбеуовтің айтуынша, көлге жақын Көлбұлақ ауылының тұрғындары да демалуға келген адамдарға үйін жалға беріп, пайда таба бастаған.

«Сонымен қатар, жоспар бойынша «Қазавтожолмен» келісіп қойдық. Маралды станциясының маңындағы республикалық жолдың бөлігі жөнделеді. Жол жарықтандырылып, электр жүйесі мен су тартып, жол бойындағы сервисті дамытпақпыз», - деді Әзілхан Әбеуов.

Басты сөздер: Павлодар облысы, Туризм,
Жоғары қарай