Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биыл өңірлерде 995 млрд теңгенің 206 жобасы іске қосылады

2020 жылдың 15 қыркүйек 2020 09:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл өңірлерде жалпы сомасы 995 млрд теңгені құрайтын 206 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы мәселелері бойынша баяндаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік өңірлермен бірлесіп, өнеркәсіптің түрлі секторларын қамтитын Индустрияландыру карталарын жасады. Онда облыстардың ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтары ескерілген. Биыл өңірлерде жалпы сомасы 995 млрд теңгені құрайтын 206 жобаны іске қосу жоспарланған. 18 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Салалар бойынша алсақ, ең көп жаңа өндіріс агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінде – 76 жоба. Құрылыс материалдары мен машина жасау саласында – тиісінше 38 және 19 жобадан», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, 2020 жылдың 8 айында жалпы сомасы 204 млрд теңгені құрайтын 28 жоба пайдалануға беріліп, 4300 жұмыс орны ашылды.

«Үшінші тоқсанда жалпы сомасы 97 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың негізгі бөлігі биыл төртінші тоқсанында іске қосылады. Жалпы жобалар кесте бойынша жүзеге асырылуда. Проблемалық мәселелер әкімдіктермен бірлесіп шешілуде. Іске қосылатын жобалардың инвестиция көлемі бойынша Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алдыңғы қатарда», - дейді Бейбіт Атамқұлов.


Жоғары қарай