Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биылғы 10 айда өңдеу өнеркәсібі өткен жылға қарағанда 5,3 пайыз өсті – Асқар Мамин

2021 жылдың 30 қараша 2021 10:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Негізгі капиталға инвестициялар өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылғы 10 айда өңдеу өнеркәсібі өткен жылға қарағанда 5,3 пайыз өсті. Жәйрем және Ақтоғай тау-кен байыту комбинаттарының қуатын арттыру, алтын шығаратын фабрика мен ферроқорытпа зауытын салу бойынша ірі жобаларды іске асыру, машина жасау өндірістері арқылы негізгі капиталға инвестициялар 1,8 есеге айтарлықтай өсіп, 1,2 трлн теңгені құрады. Көп өсім фармацевтикада 33,6, машина жасауда 19,5, құрылыс материалдары өндірісінде 9,3, химия өнеркәсібінде 6,5, тамақ өндірісінде 3,6 пайыз болды», - деді А. Мамин.

Оның айтуынша, мұнай-газ химиясы саласында биыл техникалық газдар мен октан көрсеткішін арттыратын қоспалар өндіретін зауыттар салынды, сондай-ақ полипропилен шығаратын зауыт аяқталу сатысында.

«Бұдан басқа, осы жылы Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы құрылды, ол тауарлар өндірісін локализациялауды және отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді. Осы жылы Индустрияландыру картасының аясында тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге барлығы 139 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланған, 12,7 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде қазірдің өзінде 1 трлн теңгеге жуық сомаға 83 жоба іске қосылған. Қалғандары желтоқсанда пайдалануға беріледі. Толық қуатпен жұмыс істегенде бұл жобалардың өндіріс көлемі 1,1 трлн теңгені құрайды, өндірілген өнімнің үштен бірі экспортқа кетеді. Осы жұмысты белсенді жалғастыру керек», - деді Үкімет басшысы.


Жоғары қарай