Ауа райы
Астана 31 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

#BizBirgemiz: Тағы 80 мың отбасы 50 мың теңгеден алды

2020 жылдың 4 шілде 2020 12:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - #BizBirgemiz акциясының 4-кезеңінде ауылдық елді мекендердегі тағы 80 мыңнан астам мұқтаж отбасы 50 мың теңгеден алды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті достар, баршаңызды астанамыз - Нұр-Сұлтан күнімен құттықтаймын! Елбасының тапсырмасы бойынша #BizBirgemiz акциясының төртінші кезеңі атқарылды. Еліміздің ауылдық елді мекендеріндегі тағы 80 мыңнан астам мұқтаж отбасы 50 мың теңгеден алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қорының біржолғы қаржылық қолдауымен 550 мыңнан астам отбасы қамтылды. Отбасы мүшелерін қоса есептегенде, бұл – 2 миллиондай қазақстандық. Сонымен бірге тұрмысы төмен 100 мың мұқтаж отбасыға 5 миллионнан астам тегін маска үлестірілді«, - деп жазды ол.

Оның атап өтуінше, «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент Қоры желісі бойынша 300 мыңдай отбасы азық-түлік себетін алды. Бұл іске «Jas Otan» жастар қанатының 5 мыңнан астам волонтері атсалысты. Нұротандықтар Түркістан облысының су басқан ауылдарының тұрғындарына мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Шілде айында Достық ауылының тасқыннан зардап шеккен тұрғындарына арналған үйлер салынып бітеді.

«Кеше Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына арналған үндеуінде атап көрсеткендей, «Біз өткеріп жатқан күрделі кезең – бүкіл адамзаттың басына түскен сын-сынақ. Сырқатпен күрестің ең алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер адамдарды аман алып қалу үшін барлық күшін жұмсауда. Еліміздің Президенті мен Үкіметі қалыптасқан жағдайды түзету үшін қажетті барлық шараны қабылдауда. Алайда көп нәрсе өзімізге байланысты. Халқымыз басқа түскен қиындықты өзінің қайрат-жігері, ұйымшылдығы, болашаққа деген ұмтылысы арқылы бүкіл халықаралық қоғамдастықпен бірге лайықты түрде еңсеріп, аман-есен шығарына сенімдімін. Біз тағы да жеңімпаз боламыз. Еліміздің жақсы күндері алда. Біз біргеміз!», - деді Бауыржан Байбек.

Жоғары қарай