Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Біздің жұмыста демалыс, мереке деген жоқ: Астаналық қар тазалаушының өмірінен бір күн

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 18:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық Асқар Тәженов коммуналдық қызмет көрсету саласында төртінші жыл қатарынан еңбек етіп келеді. Ол елорданың Сарыарқа ауданы аумағын қардан тазалайды. Қыс түсе бастағанда әкімдік пен тұрғындар үшін қаланы қардан тазалау - күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі коммуналдық қызметкердің бір күндік жұмыс барысымен танысып көрді.

«Жаңа жыл қарсаңында қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалдым. Жаңа жылдан соң жұмыс іздеп, осындағы жігіттерден сұрастыра келе, бос орынға жұмысқа кірдім. Осы жерде 4 жыл бойы еңбек етіп келемін. Жұмысты ауысыммен істейміз. Бірінші ауысымдағылар таңғы сағат 06:30-да бастап, түстен кейін сағат 16:30-ға дейін жұмыс істейді. Екінші ауысым кешкі сағат 20:00-ден таңертеңгі 06:00-ға дейін еңбектенеді. Жұмыс басталар алдында командир бүкіл қызметкерлерді жинап, кім қай жерді тазалайтынын белгілеп береді. Содан соң әркім өз міндетіне кіріседі, біреу көше қарын жинаса, екінші адам ауланы тазалайды», - деді Асқар Тәженов.

Оның айтуынша, қар жауғанда алдымен халық үшін маңызды нысандардың аумағы тазаланады. Ол дегеніміз жол, балабақша, мектеп, аурухана және тағы сол сияқты.

«Бізде жұмыс орнына жұмысшыларды жеткізу қызметі бар. Себебі біз күніне бірнеше аумақты қардан тазалаймыз. Және біздің жұмысымыз халық пен әкімдіктің тікелей назарында. Коммуналдық қызметтің жұмыс сапасын iKomek немесе әлеуметтік желіде пікір қалдыру арқылы әр тұрғын бағалай алады. Әрине, біздің жұмысқа қатысты әркімнің пікірі әртүрлі. Біреулер риза болып, алғысын айтып жатса, екінші адамның көңілі толмай, шағымданып жатады. Бір күні Жағалауда қар тазалап жатқанымда, қасымнан өтіп бара жатқан әйел адам тоқтап, маған еңбегім үшін рахметін айтты. Керісінше қар тазаланбады деп ұрсып жататындар да бар. Бірақ біз көңілге алмаймыз, себебі бұл біздің міндетіміз», - дейді ол.

Асқар Тәженов өз жұмысына риза. Оның ай сайынғы табысы айтуынша, 130 мың теңге шамасында. Одан бөлек, бонус қарастырылған.

«Біздің жұмыста демалыс, мереке деген жоқ. Егер жұмыс кестең мерекеге сәйкес келсе, жаңа жыл күні де қар тазалайсың. Біз қарды арнайы техникаға тиейміз, одан әрі қала сыртына алып кетеді», - дейді коммуналдық қызметкер.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде елордада коммуналдық қызметпен айналысатын 70-тен астам мердігер ұйым бар. Онда 3 мың қызметкер мен 2 мың арнайы техника жұмыс істеп тұр.

Айта кетсек, биыл 1 қарашадан бастап бүгінге дейін қала аумағынан 150 мың текше метр қар шығарылыпты.

Және елорда іргесінде 4 негізгі және 5 қосымша қар полигоны бар.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Қоғам, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай