Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Бизнес халықтың проблемасынан алшақтамауы тиіс – Нұртас Адамбай

2020 жылдың 10 шілде 2020 14:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық танымал продюсер, режиссер Нұртас Адамбай қиын-қыстау заманда ірі бизнес өкілдері халық проблемасынан алшақтамағаны жөн деген пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет әзірге шешім қабылдап, қарапайым халық аурумен, өмірмен күресіп жатқанда миллиардтаған ақшасы бар бизнесмендер, оның ішінде «Форбс»-қа кіретін ауқатты жандар жағдайды сырттан бақылап отырмауы тиіс. Олар осы қазақ жері мен елінің арқасында өз миллиардтарын тауып, жетістікке жетті. Дәл осы сәт - бай-қуатты жандардың адамгершілігі мен мейірімін көрсетуге жақсы мүмкіндік. Мүмкін мен қарабайыр дүниені айтып тұрған шығармын, дегенмен олар миллиардтаған ақшаларын өмір бойы жұмсап бітіре алмайтыны белгілі. Осындай қиын сәтте неге қолұшын созбасқа? Бизнес халықтың проблемасынан алшақтамауы тиіс. Айтпағым, ірі бизнестің өкілдері азаматтарға қолғабыс тигізсе екен деймін. Бәрін айтпағанның өзінде бір ғана бай адам жағдайымен бүкіл мәселені шеше алар еді», - деді Нұртас Адамбай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұйымдастыруымен өткен онлайн мәслихатында.

Белгілі өнер жұлдызының айтуынша, жеке әлеуметтік парақшасындағы бизнестің жауапкершілігі туралы жазбасынан кейін, оған ниетті адамдар қолұшын созу мақсатында хабарласқан.

«Маған жеке әлеуметтік парақшам арқылы немесе жазбаларымның астына пікір ретінде көптеген азаматтар көмек сұрап жазады. Біреуі дәрі-дәрмек сұраса, екіншісі азық-түліктің жоқтығын айтады. Осы орайда жақын таныс, жолдастарыммен бірлесіп мұқтаж жандарға медициналық құралдар мен қажеттіліктерді сатып алып беру жоспарымызда бар. Қазіргі таңда соны ұйымдастыру жұмыстарымен айналысудамыз», - дейді ол.


Жоғары қарай