Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да 122 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы егілді

2021 жылдың 9 шілде 2021 16:37

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 122 187 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 91 092-сі Спутник V, 1959-ы QazVac, 22 901-і Hayat-Vax, 6235-і CoronaVac вакцинасын қабылдады.

Оған қоса 71 502 адам вакцинаның екінші компонентімен егіліп үлгерді.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, осы кезге дейін облысқа 320 050 доза (188 мыңы – І, 132050-і – ІІ компонент) келіп түсті. Соның 247 050-і (151,5 мыңы – І, 95 550-і – ІІ компонент) – ресейлік «Спутник V» вакцинасы. 7 мыңы – отандық QazVac, 50 мыңы Біріккен Араб әмірліктерінде өндірілген Hayat-Vax, 16 мыңы – қытайлық CoronaVac вакцинасы.

«Облыста коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп отыр. Сондықтан одан қорғанудың тиімді жолы карантиндік талаптарды толық сақтау және вакцина алу екенін тұрғындар есіне саламыз. Облыс медицина ұйымдарында егу кабинеттері демалыс күндері де жұмыс жасауда», деді А.Қалибеков.

Қазіргі таңда өңірде 1 459 төсектік 20 инфекциялық стационарда 731 адам емделуде. Ал 97 төсектік жансақтау бөлімшелерінде 54 науқас ем қабылдап жатыр.

Осыған дейін 19 аурухана болса, оған 136 төсектік тағы бір стационар қосылды. Жансақтау бөлімшелеріндегі төсек саны да 86-дан 97-ге көбейтілді.

Пандемия басталғаннан бері облыс бойынша коронавирус жұқтырған 26 379 адам тіркеліп, олардың 78,6 пайызы (20 735-і) жазылып шықты. 420 адам көз жұмды.

Еске сала кетейік, БҚО-да коронавируспен ауырғандар саны 40 пайызға өскенін, инфекциялық стационар 54 пайызға толғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай