Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

БҚО-да ауылдасын аса қатыгездікпен өлтірген тұрғын 14,5 жылға сотталды

2020 жылдың 23 мамыр 2020 07:30

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауылдасын аса қатыгездікпен өлтірген тұрғын 14,5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан түскен мәліметке қарағанда, іс бейнебайланыс жүйесі арқылы қаралды.

Сот үкімімен Г.Сарбасов ҚР ҚК 99-бабы 1-бөліміне (адам өлтіру) сәйкес айыпты деп танылды.

Сот үкім шығарған кезде Г.Сарбасовтың жазасын ауырлататын мән-жайларды, соның ішінде үнемі арақ ішетінін, бұрын жеті мәрте істі болып, жазасын өтесе де, түзелу жолына түспегенін ескеріп, 14 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар сотталушының әрекетінде қылмыстың қауіпті қайталануы танылып, оған жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу тағайындалды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Сот талқысында анықталғанындай, өткен жылы 25 қазан күні сағат 23.30 шамасында Г.Сарбасов немере інісі М.Сарбасовпен бірге Бәйтерек ауданы Рубежка ауылы Мирная көшесінде тұратын Б.Нұрғаділов пен оның азаматтық некедегі әйелі Р.Кәрімованың үйіне арақ ішу үшін келген.

Сол түні, яғни 26 қазанда сағат 00.30 шамасында асүйдегі отырыс барысында Г.Сарбасов Р.Кәрімоваға тиіскен. Оған араша түскен үй иесі Б.Нұрғаділов пен Г.Сарбасовтың арасында келіспеушілік туындаған.

Содан кейін Б.Нұрғаділов Р.Кәрімоваға жатын бөлмеге өтуін сұрап, өзі артынан ерген. Осы кезде Г.Сарбасов мас күйінде Р.Кәрімованы қызғанып, қолына орындық алып, Б.Нұрғаділовтің желкесінен ұрып, құлатқан. Сосын үстіне отырып, пышақпен мойын тұсына көптеген соққы жасаған. Б.Нұрғаділов алған жарақаттары салдарынан сол жерде жан тапсырған.

Сотта Г.Сарбасовтың кінәсі толық дәлелденді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ағасын өлтірген тұрғынның 11 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай