Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

БҚО-да екі ауыл карантинге жабылып, блокпостар қойылды

2020 жылдың 26 мамыр 2020 13:48

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавируске шалдығу оқиғаларының саны артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, Жәнібек ауданында бұған дейін ауру ошақтары анықталған Қамысты және Борсы ауылдары карантинге жабылды.

Екі ауылдың кіреберіс жолдарына блокпостар қойылды.

БҚО-да індетті жұқтырудың жаңадан 38 жағдайы анықталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Өсім деңгейі 9,2 пайызға жетті.

Коронавирус анықталған 3 адам – Ресейде жұмыс істейтін Алматы, Түркістан облыстарының тұрғындары. «Сырым» автоөткелінен өту кезінде денсаулықтарына шағымы болмағанмен, олар жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жатқызылған.

Сондай-ақ 30 адам – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. 4 пациент профилактикалық тексеру кезінде анықталса, тағы біреуі – Теңіз кен орнында жұмыс жасайтын облыс тұрғыны.

Осылайша, Батыс Қазақстанда науқастардың жалпы саны 452-ге жетсе, соның 251-і жазылып шықты.

Қазіргі таңда 201 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде. Оған қоса, провизорлық стационарда – 20, карантиндік стационарда – 180, үй карантинінде – 883 адам жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында төрт емхана карантинге жабылған болатын.

Сондай-ақ Қарашығанақ кеніші мен Сырым ауданында да карантин жарияланған еді.


Жоғары қарай