Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да киіктер мен шаруалар мәселесі қалай шешіледі

2021 жылдың 25 мамыр 2021 22:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев «жайылымдарды киік басып алды» деп шағымданған фермерлер мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін әлеуметтік желіде шаруалар мал жайылымына арналған жерлерді киік басып жатыр деген видео таратты.

«Бұл бір ғана Жәнібек ауданының проблемасы емес, мұнда төрт аудан бар. Жақында Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Президенттің тапсырмасы бойынша келді. Біз шешім қабылдап, жергілікті халықпен, фермерлермен, ғалымдармен талқылау жүргіздік. Қазір жасауға болатын шешімдер бар және ғылыми зерттеулерді, талдауды қажет ететін шешімдер бар. Биыл жалпы ауданы 650 мың гектарға жуық резерват пен қаумал құрамыз деген Президент Әкімшілігінің келісімі бар. Бірақ бұл барлық мәселені шешпейді, бұл мәселені біртіндеп реттей бастаймыз. Киіктің қозғалысын реттейтін 78 инспектор болады», - деп жауап берді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, мәселені жергілікті жерде мамандар мен ғалымдар зерттеп жатыр және арнайы жұмыс тобы құрылды.

«Судың жоқтығынан киіктер кеткен жердерді, алаңдарды суландыру керек. Қазір біз суды зерттеп жатырмыз. Жайылымдар бойынша Жайықтың сол жағасында үлкен резервтер бар. Біз қазір қосымша жайылым жерлерін айналымға енгізуге мүмкіндік беретін үш арнаны реконструкциялауды бастаймыз. Онда жабайы жануарларды көшіру қиын болуы мүмкін, бірақ бұл жұмыстарды ғалымдардың көмегімен жасаймыз. Бұл фермерлерге өздеріне қосымша жайылым алуға мүмкіндік береді. Президенттің киік пен шаруа қожалықтары малына қатысты ымыраға келу туралы тапсырмасы бар. Біз тепе-теңдікті іздейміз», - деді Ғали Есқалиев.



Жоғары қарай