Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да коронавирустан қайтыс болғандар бойынша мәлімет жарияланды

2021 жылдың 13 мамыр 2021 16:59

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл 137 адам коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, коронавирустан өлім жағдайларының 28-і – қаңтарда, 15-і – ақпанда, 30-ы – наурызда, 42-сі – сәуірде, 20-сы мамыр айында тіркелді.

Қайтыс болғандардың 73-і (53,3 пайызы) – әйелдер, 64-і (46,7 пайызы) – ер адамдар. Олардың 121-і (88,3 пайызы) қала, 16-сы (11,7 пайызы) аудандар тұрғындары. 70 пайызы – 65-тен асқандар, 29 пайызы – 40-65 жас аралығындағылар, біреуінің жасы қырыққа жетпеген. 98 пайызында (129) созылмалы дерттері болды, соның ішінде 69 пайызы жүрек-қан тамырлары, 13 пайызы қант диабеті, 19 пайызы басқа ауруға шалдыққан.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, осы кезге дейін облыста 20768 адам індет жұқтырса, соның 16187-сі жазылып шықты. Қайтыс болғандардың жалпы саны 303-ке жетті.

«Қазіргі уақытта 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 11 науқас емделуде.

1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 518 адам ем қабылдауда. Қаңтар айының ортасынан бастап инфекциялық стационарлардың толуы 53 пайызға өскен. Қазіргі таңда 29 науқас жансақтау бөлімінде болса, соның екеуі – 50-ге дейінгілер, 8-і – 50-60, 13-і – 60-80 жас аралығындағылар, алтауы – сексеннен асқандар. 26 науқастың 23-і жүрек-қан тамырлары аурулары, үшеуі қант диабетіне шалдыққан», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да төрт күнде 400-ден астам адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай