Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да мамыр айында 1331 адамнан коронавирус табылды

2021 жылдың 13 мамыр 2021 01:56

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында мамыр айында 1331 адамнан коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, олардың 56,6 пайызынан (754) ЖРВИ белгілері бойынша тексерілгенде, індет анықталған.

Сондай-ақ 32,3 пайызы (431) бұрын ауырғандармен байланыста болған. 9,9 пайызы (133) профилактикалық мақсатта қаралса, 0,9 пайызынан (13) вахталық ауысымнан шығар және басталар, сол секілді стационарға жатқызар алдында сынама алынған.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, соңғы аптада (5-11 мамыр) алдыңғымен (28 сәуір-4 мамыр) салыстырғанда, індет жұқтыру көрсеткіші 7,5 пайызға (932-ден 862-ге) төмендеді.

Мамыр айында 23385 ПТР зерттеу (күніне орта есеппен 2125) жүргізілді.

«Сонымен қатар «Ashyq» қосымшасына сәйкес 1 мамырдан бері үйлерінде оқшаулануға тиіс адамдардың сауда орындары немесе мейрамхана сияқты нысандарға кіруге тырысқаны белгілі болды. Атап айтқанда, Оралда ковидпен ауырып жүрген 15, науқастармен қарым-қатынаста болған 21, ал Ақсай қаласында сәйкесінше 2 және 3 адам анықталды», деді М.Арыспаев.

Мамыр айында мемлекеттік шекарадан 10998 адам өтсе, соның 2883-і – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 153 жолаушының біреуінен коронавирус табылды. Сондай-ақ халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 5227 жүргізушінің 685-інде анықтама болған жоқ. Бұлардың үшеуінен індет анықталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 58 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын, облыста блокпостар алынғанымен, шектеу шаралары сақталатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ вакцинадан полицейдің қайтыс болғаны жөнінде жалған ақпарат таратқан аудиожазба авторы ұсталды.





Жоғары қарай