Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

БҚО-да мас күйінде жол-көлік апатын жасаған тұрғын 4 жылға бас бостандығынан айырылды

2020 жылдың 4 сәуір 2020 21:25

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған тұрғын 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің айтуынша, Жаңақала ауданы Жаңақала ауылының тұрғыны ҚР ҚК 346-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды.

Ақжайық аудандық сотының үкімімен жаңақалалық тұрғын жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Шаруа қожалығына жетекшілік ететін ол сонымен қатар өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Бұған дейін кепіл күйінде бұлтартпау шарасында болған сотталушы күзетпен ұстау түрінде қамауға алынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

«Аталған тұрғын осымен үшінші рет мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасады. Бұған дейін ол Жаңақала аудандық сотының 2018 жылғы 25 қыркүйектегі үкімімен ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 100 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылған еді. Екінші рет жасаған кезде 30 тәулікке қамалды. Сол теріс қадамдарынан қорытынды шығармай, үшінші рет сондай қылмысқа барған ол қатаңдатылған заңға сәйкес төрт жылға бас бостандығынан айырылып отыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да карантин режимін бұзған тұрғынның ұсталғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай