Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да мүмкіндігі шектеулі отбасына қайырымды жандар үй алып берді

2020 жылдың 3 маусым 2020 04:33

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-ның Теректі ауданында ауыл тұрғыны Аманжан Есенов қайырымды жандардың көмегімен үйлі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, теолог Бағдат Адайханның сөзіне қарағанда, А.Есенов Абай ауылына өткен жылы күзде көшіп келген.

Бірлестіктің жұмысы намаз оқитын жамағаттың халін біліп, жәрдемдесу болғандықтан, Б.Адайхан А.Есеновтің де жағдайымен танысқан. Өзі – бірінші топ мүгедегі, зайыбы Гүлбақыттың денсаулығында да кінәрат болып шықты. Ерлі-зайыптылардың Абай ауылынан алған үйлері құлағалы тұрған, тіпті жөндеуге де келмейді екен.

Есеновтер отбасының осы мүшкіл халін Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің редакторы Әділет Орынбасаров та көзімен көріп, мәселе етіп көтеріп, халықты қаржылай үлес қосуға шақырды.




«Бірлік» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, жанашыр адамдардың қолдауымен бір айға жетер-жетпес уақытта қажетті қаржы (1 млн теңге) жиналды. Қайырымдылық танытқандар арасында облыс қана емес, сонау Америкада тұратын қандастарымыз да бар. Осылайша Аманжан бауырымыз Ақжайық ауылындағы төрт бөлмелі үйге қол жеткізді», дейді Ә.Орынбасаров.

Баспана кілтін Оралдан арнайы келген БҚО орталық мешітінің наиб имамы Самат Әлібаев тапсырды. Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадралиевтің де Есеновтер отбасына азық-түліктен көмектесіп тұратындығын айта кеткен жөн.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да волонтердің ұйымдастыруымен тағы бір жалғызбасты ананың баспаналы болғанын, Оралда 284 отбасының пәтерге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.











Жоғары қарай