Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

БҚО-да полицейлерге пара ұсынған Атырау тұрғыны мен Өзбекстан азаматы ұсталды

2020 жылдың 22 маусым 2020 16:01

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлеріне пара ұсынған атыраулық және өзбекстандық азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 17 маусым күні Атырау-Орал автожолында болған.

«Шкода Октавия» патруль автокөлігінің салонында 1996 жылғы атыраулық және 1985 жылғы өзбекстандық азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 592-бабы 2-бөлігі (белгiленген жүру жылдамдығын арттыру) және 230-бабы 2-бөлігіне (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін полиция қызметкерлеріне пара ұсынған.

Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Департамент бастығының орынбасары, полиция полоковнигі Нұрлан Рамазановтың айтуынша, ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2020 жылдарға арналған жол картасы аясында жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылыққа жол бермеу мақсатында алдын алу шаралары ұдайы жүргізіліп келеді.

Талдау көрсеткендей, көп жағдайда азаматтардың өздері полиция қызметкерлеріне пара ұсынып, арандатады.

Бұған дейін жыл басынан бері полиция қызметкерлеріне пара ұсынудың 16 дерегі анықталып, соның төртеуі бойынша пара берушіге қатысты айыптау үкімі шыққан. Мысалы, 30 қаңтар күні К. деген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін патрульдік полиция батальонының взвод командиріне 5 мың теңге пара бермек болған. Осы заңсыз әрекеті үшін оған 50 мың теңге айыппұл салынды.

«Былай қарағанда, пара ұсынған адам аса қатаң жауапкершілікке тартылмайды. Алайда осы құқық бұзушылық әрекеті үшін соттылығы бар деген белгі сол адамның мәліметінде өмір бойы жазылып қалады. Бұл оның жұмысқа орналасуына кедергі келтіреді. Оның үстіне балаларының өмірбаян парақтарында ата-анасы сотталған деп жазулы тұрады», деді Н.Рамазанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған 13 адамның сотталғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай