Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да стационарда жатқан науқастардың 98 пайыздан астамы – вакцина алмаған

2021 жылдың 20 тамыз 2021 16:43

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында инфекциялық стационарларда жатқандардың 98 пайыздан астамы – вакцина алмағандар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, қазіргі таңда 1710 науқас амбулаторлық ем алуда. Соның 79 пайызында ауру жеңіл өтуде. 8 пайызының жағдайы орташа. 13 пайызы – симптомы жоқтар.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы тәулікте облыстық жедел жәрдем стансасына барлығы 895 қоңырау шалынса, соның 112-сі ковидке байланысты болды. 38 науқас стационарға жатқызылды.

Күні бүгін өңірде 1459 төсектік 20 инфекциялық стационарда 646 адам емделуде. Ауруханалар 44,2 пайызға толған. Соның ішінде 109 төсектік жансақтау бөлімшесінде 42 науқас (38,5 пайыз) жатыр. Бұлардың 38-і ауыр, төртеуі аса ауыр халде.

Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 4, инвазивті емес осындай құрылғыға 12, оттегі концентраторына 26 науқас қосылған.

Инфекциялық стационарларда жатқандардың дені егілмегендердің болуы вакциналаудың маңыздылығын көрсетеді.

Облыс бойынша 189 872 адам вакцинаның бірінші, 147 967-сі екінші компонентімен егілді.

«16 және 19 тамыз аралығында облысқа қытайлық Sinopharm фармокологиялық компаниясының 30 мың доза (17500-і – І, 12500-і – ІІ компонент) Vero Cell вакцинасы жеткізілді. Бұған қоса тағы 5 мың доза қытайлық вакцина (ІІ компоненті) әкелінбек. Күні бүгінге дейін бұл вакцинаның бірінші компонентін 1064 тұрғын алып үлгерді. Бұл –Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен қауіпсіз әрі тиімді деп танылған алғашқы қытайлық препарат, бүгінде әлемнің 45 елінде аталған вакцинамен ересек тұрғындарды егуге рұқсат етілген. Қазіргі таңда бұл вакцина Қытайдан бөлек Біріккен Араб Әмірліктері мен Сербияда өндіріледі. Сонымен қатар Қытай мен БАӘ қытайлық Sinopharm фармокологиялық компаниясының белсенділігі жойылған вакцинасын 3-17 жас аралығындағы балаларға шұғыл егуді қолдады», - деді А.Қалибеков.

Пандемия басталғаннан бері облыста тіркелген 33 719 науқастың 25 809-ы (76,5 пайызы) жазылып шықты. Солардың ішінде 12 213-і стационарлық, 13 596-сы амбулаторлық ем алды. 641 адам індеттен көз жұмды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тамыз айында 2 500-ден астам адамның коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.



Жоғары қарай