Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да жол апатынан бір адам қаза тауып, үшеуі зардап шекті

2020 жылдың 25 қазан 2020 10:50

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жол апатынан бір адам қаза тауып, тағы үш адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 25 қазан күні сағат 04.05 шамасында 4-шағынауданда болды.

«Москвичи» жанар-жағар май құю стансасына қарсы бетте 23 жастағы жүргізуші «ВАЗ-2112» автокөлігінің руліне ие бола алмай, жол шетінде тұрған «Volkswagen Golf» және «Газель» автокөліктеріне соғылған.

Соның салдарынан «ВАЗ-2112» автокөлігінде болған 36 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды.

Үш адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді: «ВАЗ-2112» жүргізушісі жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Басының жұмсақ тіндері, шынтағы көгерген. Дәрігерлер қарағаннан кейін ауруханаға жатқызылды. Осы көлікте болған 34 жастағы жолаушы әйелдің де басының жұмсақ тіндері көгерген, ол үйіне жіберілді. Көптеген сынық жарақаттарын алған 39 жастағы әйел жансақтау бөліміне орналастырылды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, жүргізуші мас күйінде болған.

Көлік иелеріне материалдық шығын келтірілді.

Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

«Полиция департаменті атынан қаза тапқан тұрғынның отбасы мен тума-туысқандарына көңіл айтамын. Жүргізушілерді жол жүру ережесін бұлжытпай сақтауға шақырамын, сіздердің өмірлеріңіз осыған байланысты», - деді полиция полковнигі Б.Белгібеков.


Жоғары қарай