Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-ның екі тұрғыны ірі көлемдегі есірткі заттарымен қолға түсті

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 21:02

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-ның екі тұрғыны облыс орталығында интернет желісінде есірткі заттарын сатуды ұйымдастырғаны үшін қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсұтхан Аблазимовтың мәлім еткеніндей, орман алқабында, сондай-ақ күдіктілердің мекенжайларын тінту кезінде 1 келіден астам ұнтақ есірткі заттары, 55 таблетка амфетамин және 500 грамға жуық өсімдік тектес есірткі заттары тәркіленді.

Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде синтетикалық есірткі заттарының 4300-ден астам мөлшерінің таралуына жол берілген жоқ.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Жас ұрпақтың болашағына қатер төндіретін қатерлердің бірі есірткі заттары, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы екендігін Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ерекше атап өтіп, құқық қорғау органдарына осыған тосқауыл қою жөнінде тапсырма берген болатын. Біздің міндетіміз – осы тапсырманы мүлтіксіз орындау», деді М.Аблазимов.

Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 66 қылмыс анықталып, 81 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соның 23-і есірткі сату, 15-і есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау, 18-і құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру, 9-ы есірткі контрабандасы, біреуі улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымына байланысты.

Заңсыз айналымнан 50 келіден астам есірткі алынса, соның 1 кг 336 грамы – синтетикалық есірткі түрлері.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынының 2,5 келіге жуық марихуанамен ұсталғанын жазған болатынбыз.




Жоғары қарай