Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

БҚО: тарихи Хан ордасында реставрациялық жұмыстар жалғасын табады

2021 жылдың 21 желтоқсан 2021 13:47

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тарихи Хан ордасы ауылындағы реставрациялық жұмыстар жалғасын табады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, биыл құрылғанына 220 жыл толған Бөкей хандығы – еліміздегі Шыңғыс хан ұрпақтары билік құрған ең соңғы мемлекеттік құрылым.

Бөкей сұлтан негізін қалап, оның ұлы Жәңгір іргесін кеңейткен хандықтың кейін «Тұңғыштар мекеніне» айналғаны мәлім. Қазақ жеріндегі тұңғыш музей мен архив, жәрмеңке мен дәріхана, мектеп пен қазынашылық мекеме және басқа ғимараттар осында бой көтерді. Нарын

құмындағы қарағайлы орман – еліміздің қайталанбас асыл мұрасы. Тәуелсіздік жылдары Жәңгір ханның сарайы қалпына келтірілді.

«Хан ордасындағы осындай тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, сақтау әрі пайдалану мақсатында Мәдениет және спорт министрлігімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Соның ішінде тарихи орындарды реставрациялау жұмыстары республикалық бюджеттен қолдау тауып, алдағы жылдың жоспарына да енгізілді», деді Қ.Мұханғалиев.




Оның сөзіне қарағанда, Бөкей орда хандары Бөкей мен Жәңгірдің инаугурациясы өткен Орал шаһарының түбіндегі «Хан тоғайы» өзінің іргетасын Алтын орда кезеңінен тартады.

Еділ-Жайық арасындағы территория кезінде Алтын Орданың эпицентрі болған. Зерттеушілер сол дәуірде мұнда 210 қала болғандығын алға тартса, соның бірі – Орал қаласы іргесіндегі «Жайық қалашығы».

«ХІІІ-ХІV ғасырларға тиесілі археологиялық ескерткіш Орал қаласынан 12 шақырымдай жерден 2001 жылы табылды.

Карл Байпақов бастаған Қазақстан, Ресей, Жапония, Германия және басқа мемелекеттердің археолог ғалымдары ғылыми зерттеулерін жүргізді. Архелогиялық зерттеулерлер нәтижесінде кесене, тұрғынжай мен хамам орны, шығыр құмыралар, көгілдір керамика, қызыл кірпіштер, әшекейленген тақтатас қалдықтары табылды. Өткізілген ғылыми зерттеулер өңірімізде жоғары өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын және ортағасырлық қалалық мәдениет қалыптасқанын дәлелдеді», деді Қ.Мұханғалиев.





Жоғары қарай