Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО театрында «Жұбан» спектаклінің премьерасы болды

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 23:24

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай «Жұбан» спектаклінің премьерасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Поэтикалық драма ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева мен драматург Мәдина Омарованың туындысы негізінде қойылды.

Режиссері Гауһар Адай болса, суретшісі – Гүлдана Жұрқабаева.

Спектакльдегі рольдерді Теміржан Матаев, Бибігүл Исалиева, Жанаргүл Құрманғалиева, Жасқайрат Валиуллиев, Құралбек Қатшаев сынды театр әртістері сомдады.

«Бүгінгі спектакль ұнады, басқа трактовкамен қойылған. Режиссурада жаңашылдық бар. Өмірден өнер жасап, оны көрерменге жеткізу, халыққа ой тастау бағытында әртістер жанын салып ойнады. Дала мен бала Жұбанның өмірі, жастық шағы, мінбеден сөйлеген сәті барынша қамтылған. Жұбанның Колбинмен кездесудегі сөзін мен де тыңдадым. Мен мынадай сұмдықты көргенше, соғыстан қайтпай қалғаным дұрыс еді, деп 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қасқайып тұрып, шындықты айтқан жалғыз Жұбан болды. Спектакльге байланысты ескертулерім де бар, оны өздеріне айтып кетермін. Жалпы, театр ұжымының бағыты өте дұрыс. Алдағы уақытта театрға жақсы режиссерлерді шақырып, штатқа алса деген тілек бар. Сонымен қатар Хадиша атындағы театр болғаннан кейін ұлы актрисаның мүсіні осы ғимараттың алдында ма, ішінде ме, тұруы керек», деді Қазақстанның Еңбек Ері, театр саңлағы Асанәлі Әшімов.

Театр ұжымына облыс әкімі Ғали Есқалиев, қойылым авторларының бірі Ақұштап Бақтыгереева ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ театр фойесінде «Жұбан» энциклопедиясының (бас редакторы – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев) таныстырылымы өтті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО театрында Жұбанның 100 жылдығына орай жаңа премьера қойылатынын, «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық айтыстың жүлдегерлері анықталғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай