Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бокстан әлем чемпионаты: Серік Теміржанов жарысты жалғастырады

2021 жылдың 25 қазан 2021 23:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Сербия астанасы Белград қаласында басталған бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Серік Теміржанов алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық боксшы 57 келіде моңғолиялық Энх-Амар Хархуумен қолғап түйістірді. Бірінші раундта шаршы алаң жиегіндегі төрт төреші Серіктің басым түскенін көрсетті. Екінші раундта төрешілер бірауыздан қазақстандық спортшының жеңгенін атап өтті. Үшінші раундта да төрешілер осындай шешімге келді.

Осылайша Серік жарыстың 1/16 финалына жолдама алды.

С.Теміржанов 1998 жылы дүниеге келген. Бұған дейін 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бақ сынады.

Сондай-ақ, бүгін тағы бір жекпе-жекте Абылайхан Жүсіпов (67 келі) Тайбэйден келген Ю Линьмен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов дүбірлі додада олардан басқа Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі), Саматали Төлтаев (60 келі), Санатали Төлтаев (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрқанат Райс (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бек Нұрмағамбет (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі) мен Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) сынды спортшыларға сенім артты.

Биыл әлем чемпионатына 100-ден астам елден 650-ге жуық спортшы келеді. Жарысқа Олимпиада чемпиондары, Азия, Еуропа жүлдегерлері, әлем чемпиондары да қатысады деп күтілуде.

Әлем чемпионаты 6 қарашада мәресіне жетеді.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай