Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бокстан Азия чемпионаты: Алтын медаль саны алтыға жетті

2021 жылдың 30 тамыз 2021 19:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дубайда өтіп жатқан бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде бүгін чемпион атанған қазақстандық спортшылар саны алтыға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында ұлдар 10 салмақта бақ сынауда.

Бұдан бұрын 48 келіде Санжар Ташкенбай, 54 келіде Нұрсұлтан Алтынбек, 57 келіде Әбдікәрім Әбдіғалым, 60 келіде Ерасыл Ермек алтын медальға қол жеткізгенін хабарлаған едік.

Енді олардың қатарына 63,5 келіде Елнұр Сүйінбай мен 67 келіде Абзал Серік қосылды. Елнұр үндістандық Ваншадждың осал тұсын тапса, Абзал өзбекстандық Самандар Солижоновты қапы қалдырып кетті.

Енді қазақстандық боксшылар төрт салмақта сынға түседі. Атап айтқанда, 75 келіде Бақберген Әлиасқаров ирандық Фардин Халифелумен шеберлік байқасады.

Қалған үш боксшының қарсыластары - өзбек боксшылары. Мәселен, 86 келіде Темірлан Мұқатаев Диербек Ураловпен, 92 келіде Мәди Әміров Нусратбек Тохировпен, 92 келіден жоғары салмақта Даниял Сапарбай Джахонгир Зокировпен шаршы алаңға шығады.

Сондай-ақ, бүгін 2003-2004 жылдарда дүниеге келген қыздарда бәсекеге түседі. Қыздар 7 салмақта алтын медальды сарапқа салады.

Еске салсақ, 29 тамызда 2005-2006 жылдарда дүниеге келген жасөспірімдер арасында чемпиондар анықталды. Медальдар саны жөнінен ұлдар мен қыздар да жалпы командалық есепте екінші орын алды.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Бокс, Спорт,
Жоғары қарай