Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Бокстан конфедерация кубогы: Түркістан облысы финалға шықты

2019 жылдың 7 желтоқсан 2019 12:50

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде бокстан конфедерация кубогының жартылай финалдары өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін жартылай финалда Түркістан және Қарағанды облыстары өзара күш сынасты. Боксшылар сегіз салмақта өзара шеберлік байқасты. Алғашқы жекпе-жекте 52 келіде Түркістан облысынан Сәкен Бибосынов қарағандылық Талғат Сырымбетовті айқын басымдықпен жеңіп кетті. Келесі 57 келі салмақта қарағандылық Рүстем Шауменов түркістандық Қайрат Ерәлиевті, 63 келіде қарағандылық Василий Самчук төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен түркістандық Шыныбек Назарбековті тізе бүктірді.

Ал 69 келіде түркістандық Бекдәулет Ибрагимов қарағандылық Бауыржан Асылбековті жеңсе, 75 келіде төрешілер қарағандылық Ерсұлтан Советов түркістандық Бекен Пернеханды жеңгенін мәлім етті. Түркістандық Бек Нұрмағамбет 81 келіде қарағандылық Ердос Нұрқалыны айқын басымдықпен ұтса, 91 келіде түркістандық Абзал Құттыбеков қарағандылық қарсыласы Азамат Жұмабековтен айласын асырды. Ал 91 келіден жоғары салмақта түркістандық Нұрлан Сапарбай қарағандылық Дмитрий Зисконы жеңіп кетті. Осылайша Түркістан облысының құрамасы қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.

Ал жартылай финалда тағы бір жұпты Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысының командалары құрады. Қазір екі команда боксшылары арасындағы алғашқы жекпе-жек аяқталды. Нұр-Сұлтан қаласының боксшысы Азат Махметов маңғыстаулық Қуаныш Дүйсенбайдан басым түсті.

Финалға жолдама алған екі команда ертең, 8 желтоқсанда өзара шеберлік байқасады.

Бокстан Конфедерация кубогы 2010 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұдан бұрын Маңғыстау облысы үш мәрте жеңімпаз (2012, 2016, 2018) атанса, Нұр-Сұлтан қаласы екі (2010, 2013), Түркістан облысы екі (2015, 2017), Қарағанды облысы бір (2011) мәрте биік тұғырдан көрінді.

Бокстан Конфедерация кубогының топтық кезеңінің жеребесі биылғы жылдың қыркүйек айында тартылған болатын.

Фото: www.kfb.kz

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Алматы, Спорт, Бокс,
Жоғары қарай