Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Болашақ» түлегі «Американы тану: Қазақстаннан көзқарас» кітабын таныстырды

2020 жылдың 15 қыркүйек 2020 19:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада дипломат, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Еркін Тұқымовтың «Американы тану: Қазақстаннан көзқарас» атты кітабы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітаптың авторы Еркін Тұқымов – халықаралық қатынастар жөніндегі маман, дипломат, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, АҚШ-та мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған. 1997-2005 жылдары ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-да жұмыс істеп, сыртқы саяси зерттеулер бөлімін басқарған.




Қазіргі уақытта ол Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесші-уәкілі болып қызмет етеді.

Бастапқыда «Американы тану: Қазақстаннан көзқарас» монографиясы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында 2017 жылы жарық көрді. Онда АҚШ-тың сыртқы саясатына, сыртқы саяси шешімдер қабылдау тетіктеріне және Вашингтон мен Нұр-Сұлтанның екіжақты қатынастарына баса назар аударылған. Бүгінгі кітапты қазақ тіліне аударуға және басып шығаруға да Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты көмектескен.

«Ең алдымен маған ыстық ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында, оның директоры құрметті Зарема Кәукенқызына менің монографиямды аударып және басып шығарғаны үшін шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Елдегі күрделі жағдайға қарамастан, оның сапалы және жоғары деңгейде жүзеге асырылғаны – ерекше құнды. Мен үшін кітаптың қазақ тілінде жарық көруі, сол арқылы қазақ ұлтының интеллектуалдық дамуына шағын үлес қосқаным аса маңызды», - деді кітап авторы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтындағы тұсаукесерге жолдаған бейнеүндеуінде.

Автор көршілес елдер мен әлемде болып жатқан оқиғаларды төл көзқарасымыз қажет екенін атап өтті.

«Даму мақсатында біз қандай әлемде өмір сүріп жатқынымыздан, көрші елдерде – Ресейде, Қытайда, Орталық Азияда не болып жатқанынан хабардар болуға тиіспіз. Сонымен бірге, бізде алыста орналасқан елдерде, әсіресе әскери және экономикалық тұрғыдағы әлемнің алпауыты – АҚШ-тағы жағдайды да біліп отыруымыз керек. Біз ұзақ жылдар бойы әлемді шетелдік ғалымдар мен зерттеушілердің көзқарасы бойынша қарастырып келдік. Әрине, біз әлемдік сарапшыларды оқып, олардың пікірін білуге тиіспіз. Бірақ, сонымен бірге біз әлемге өз көзқарасымыз, төл ұлттық мүддеміз тұрғысынан зер салуымыз қажет. Өйтпеген жағдайда біз қандай да бір мемлекетпен, соның ішінде АҚШ-пен қандай қарым-қатынас орнату қажеттігін түсіне алмауымыз мүмкін», - деді Еркін Тұқымов.




Дипломат дәл қазір АҚШ-та өте маңызды әлеуметтік және саяси өзгерістер жүріп жатқанын жеткізді.

«Расизм, гендерлік және әлеуметтік теңсіздікпен күрес жаңа сапалы формаға ие болуда. Ел көз алдымызда өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістер бүкіл әлемнің соның ішінде Қазақстанның мүддесіне де әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар, АҚШ жаңа технологиялар мен медицинадан бастап, ғарышты қамтитын адамзат дамуының барлық салаларындағы жетеші орталық болып табылады. Осы себепті мен өз кітабым арқылы бұл ерекше мемлекетке деген үлкен қызығушылық тудырып, бәріміз бірге Қазақстанның халықаралық қатынастар ғылымындағы америкатанудың нық іргетасын қалаймыз деп үміттенемін. Бұл бағыт – бүгінгі таңда жай ғана зертетушілік қызығушылық емес. Бұл – мемлекеттік мүдде. Өйткені АҚШ-тағы өзгерістер қалай дегенде де барша ғаламға, оның ішінде Қазақстанға ықпалын тигізіп отыр», - деді Е. Тұқымов.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова маңызды басылымдарды мемлекеттік тілге аудару жұмысы жайлы баяндады.

«Өзекті басылымдарды мемлекеттік тілге аудару ҚСЗИ ғылыми-әдістемелік қызметінің маңызды бағыты болып табылады. Бұл бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жарқын үлгісімен байланысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында айтылғандай «Ең заманауи құралдарды алып, мемлекеттік қазақ тіліне аудару керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Оқырмандар тарапынан «Американы тану: Қазақстаннан көзқарас» монографиясына үлкен қызығушылық байқалды. Осы еңбектің бірінші кезекте еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында халықаралық қатынастарды, саясаттану ғылымын оқып жатқан жас қазақстандықтарға қолжетімді болуы үшін мемлекеттік тілге аударып, басып шығару қажеттігін көрсетті», - деді З.Шәукенова.




Аталған жинақ Қазақстан кітапханаларына таратылады және электронды нұсқасын ҚСЗИ ресми сайтынан оқуға болады.

Тұсаукесер онлайн және офлайн форматта өтті. Оған ҚР Сыртқы істер министрлігінің, ҚР шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова және Нұрсұлтан Назарбаев қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Қайрат Әбусейітов қатысты.

Тұсаукесер Бірғаным Әйтімова мен Қайрат Әбусейітовтің дәстүрлі лента кесуімен аяқталды.





Жоғары қарай