Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Тубдиспансер басшысы көз жұмған дәрігерлерді еске алу акциясының мақсатын түсіндірді

2020 жылдың 13 шілде 2020 17:53

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Болат Сағымбеков коронавирустан көз жұмған дәрігерлерді еске алу акциясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде Президент жариялаған жалпыұлттық аза тұту күні коронавирус құрбандарын еске алуға арналған дәрігерлердің көшедегі үнсіздік акциясы кеңінен таралып жатыр. Бұл іс-әрекетті сынға алып жатқандар да жоқ емес.

«Осы орайда Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансері ұжымының атынан ресми түрде мәлімдеймін: аталмыш шара - Ұлттық медицина қауымдастығының төрайымы Айжан Бегайдарқызы Садықованың барша медицина қызметкерлеріне тастаған үндеуін қолдау мақсатында, сұм індетпен күресіп көз жұмған барша әріптестеріміздің рухына тағзым ету үшін жасаған біздің ортақ шешіміміз» дейді Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Болат Сағымбеков.

Оның айтуынша, дәрігерлер қауымы аты жаман аурумен арпалысып жүріп қайтыс болған қаншама маманнан, әріптес-достан, қызметтес жолдастарынан айырылған.

«Олар көз алдымыздан кетсе де, жүрегімізде қалды. Сондықтан да, аза тұту күні олардың рухына тағзым етіп, еске алуды өзіміздің әріптестік парызымыз деп білеміз. Олардың әрбірі осындай құрметке лайық деп санаймыз. Өз кезегімде, бұл шараны ұйымдастыруға жергілікті әкімдіктің де, орталық билік орындарының да ешқандай қатысы жоқ екенін жеткіземін» деп түйіндеді сөзін Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері.


Жоғары қарай