Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бұдан былай үйде жануар асырап, оны күтіп-бағу заңмен реттеледі – Данияр Тұрғамбаев

2021 жылдың 31 желтоқсан 2021 14:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күні кеше ғана Мемлекет басшысы жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға қол қойды. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі сала министрлігінің ұстанымы туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаевтан сұрап білді.

«Жаңа заңның басты мақсаты – адамдардың жануарларға деген қарым-қатынасын реттеу. Яғни, ендігі уақытта жануар асырап, оны күтіп-бағу заңмен реттеледі. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап, елімізде үй жануарларын міндетті есепке алу енгізіледі. Үй жануарларын есепке алу - заңдағы басты өзгеріс пен жаңашылдықтың бірі. Оларды есепке алу, мәселені реттеу мен шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, қаңғыбас иттер өзінен-өзі көбейіп жатқан жоқ қой, демек кейбіреулер ит-күшіктерді далаға тастай салады деген сөз. Соның салдарынан қаңғыбас иттің саны артып жатыр. Бүгінде үй жануарларын міндетті есепке алудың нормативтік-құқықтық актісін әзірлеп жатырмыз. Сонымен қатар қаңғыбас иттерге вакцина салу және оларды стерильдеу де қарастырылған», - деді Данияр Тұрғамбаев.

Оның айтуынша, заңдағы тағы бір жаңашылдық - қаңғыбас үй жануарлары санын азайту мақсатында оларды өлтіруге тыйым салынады.

«Бүгінде қаңғыбас иттерді аулайды және өлтіреді. Енді олай болмайды, қаңғыбас итті аулайды, оны тексереді, егер ит сау болса, оған вакцина салып, стерильдеп қайта босатып жібереді. Одан бөлек, алдағы уақытта елімізде жылжымалы хайуанаттар бағы, океанариум мен дельфинарий қызметіне тыйым салынбақ. Бұл алдымен зооқорғаушылардың ұсынысы, екіншіден, жылжымалы хайуанаттар бағында жануарларға тиісті жағдайдың жасалмағандығына көзіміз жетіп отыр. Хайуанаттар бағына тыйым 2023 жылдан бастап, ал дельфинарий қызметіне 2029 жылдан бастап тыйым салынады», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер жануарларға қатыгездік танытқан жандарға қандай жаза қолданылатыны туралы айтып берді.

«Бұған дейін жануарды қорлаған адамның кінәсін дәлелдеу мен оны жазалау оңайға түспеді. Қылмыстық кодекстің 316 бабы 3 тармақтан тұрады. Ол бойынша егер жануарды мерт қылса 120 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал жануардың өліміне әкеліп соқса, кінәлі қатыгездігі үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Аталған баптың 3-ші тармағына сәйкес жануарға қатыгездік көрсету жағдайы қайталанса, оған бір топ адамның қатысы болса немесе бір емес, бірнеше жануарды қорласа, ол жағдайда 1000 АЕК айыппұл қарастырылған. Осыдан бөлек, әкімшілік жауапкершілікке тарту жағы да бар. Ол бойынша 5 АЕК айыппұл төлеу міндеттеледі, егер қайталанса - айыппұлдың көлемі 20 АЕК дейін өседі», - деді комитет басшысының орынбасары.

Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.


Жоғары қарай