Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

2020 жылдың 31 мамыр 2020 01:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін - ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан зардап шеккендерді де еске аламыз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келе жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.

Осынау қазақ халқы үшін атаулы дата қарсаңында, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын жария еткен болатын. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», - деген еді Қазақстан Президенті.

Қазіргі уақытта жаңадан құрылатын комиссия миссиясы да белгілі болып отыр. Оны ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев әлеуметтік желідеге парақшасында тарқата айтып берген-ді.

«Жаңадан құрылған органның миссиясы - саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай саяси және заңды түрде ақтау жақсатында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру. Президенттің комиссия алдына қойған міндеттері және оның аясында жүргізілетін жұмыстар мынадай: Біріншіден, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамалық ұсыныстар әзірлеу; Екіншіден, жапай саяси қуғын-сүргін құрбанына теңестірілетін және саяси ақтауға жататын тұлғалар санатын бекіту; Үшіншіден, ақталғандарды мәңгі есте қалдыру, олардың жерленген жерлерін іздеу және күтіп-ұстауды ретке келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу; Төртіншіден, ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтінімдер мен шағымдарды қарау. Аталған міндеттер мемлекеттік комиссия жұмысы сұлбасын нақты бейнелейді. Оның барысы жайында қоғамға тұрақты түрде ақпарат берілетін болады», - деген еді Дәурен Абаев.

Бүгінгі қазақ зиялылары Қазақстан Президентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру бастамасына толықтай қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, кешегі кеңестік дәуірде, өткен ғасырдың 30-шы жылдарының ортасынан бастап 50-шы жылдардың соңғы екінші жартысына дейін қазақ даласы лагерьге айналғанына қатысты деректерді зерделеп, қалам тартқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов Қазақстан жерінде 60-қа жуық лагерь және оның бөлімшелері болғанын алға тартады.

«Тарихтың ақтаңдақ беттерінің айтылғанынан айтылмағаны көп. Архив қойнауын көтеріп, ғалымдар, осыған қатысы бар саяси және мемлекеттік тұлғаларды жұмылдыра отырып, әлі де есімі аталмаған, белгісіз болып қалған тұлғалардың атын жарыққа шығару керек. Сүттің бетіне шығатын қаймақ болған қазақтың біртуар азаматтары құрбан болып кетті. Ұжымдастыру саясаты тұсында да біз 3,5-4 млн адамымыздан айырылдық деп отырмыз. Ұжымдастыру кезінде де ең көп зардап шеккен - қазақ халқы. Бұл да ұрда-жық саясаттың зардабы. Украиндықтар мұны ашаршылық деп жариялап, оның қайғы-қасіретін зерттеу үстінде. Олардың дерегінше, украиндықтардың 10 пайызы зардапқа ұшыраған екен. Ал сол кезеңде қазақтың жартысы қуғын-сүргінге, қырғынға ұшырап кетті. Осының бәрін бүгінгі ұрпақ, тарихшылар, ғалымдар мемлекет деңгейінде көтермесе қалай болмақ? Келер ұрпаққа құрбандыққа ұшыраған аты-жөні белгісіз бірде-бір адам қалмауы керек. Сондықтан бұл үндеуді өте дұрыс қабылдадым. Мемлекеттік комиссия құрамына тек шенеуіктер кірмеуі тиіс. Оған тікелей мүдделі басшылықпен қатар ғалымдар, зерттеушілер кіруі қажет. Архив беттерін әлі де қопаруға тиіспіз. Ішкі істер, прокуратура сынды мекемелердің архивтерін көтеруіміз керек. Сонда көп материал табылады. Президент тапсырмасымен құрылатын мемлекеттік комиссия міндетіне сол кіреді дер едім», - деді ғалым.

Ал Арыс» және «Әділет» қорларының басшысы, филология ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Әнес РСФСР Қылмыстық кодексінің 59-бабымен бандитизм айыбымен және экономикалық қылмыстарды қарастырған 107-бабымен сотталып кеткен бірнеше ондаған мың қазақтың 30 жылдан бері ақталмай келе жатқандығына баса назар аударады.

«Шшын мәнінде мұны ұлттық трагедия, халқымызды тарихпен тәрбиелеу кезінде құрал ретінде қарастыра алмай отырмыз. Тарихымыз тасы шашылып қалған таспих секілді. Оның 99 тасы болса біз соның жартысын жоғалтып алғанбыз. Тұтас тарихымызды, қаралы тарихымызды көтеру, сол тарихымыз арқылы халыққа тәлім-тәрбие беру, Тәуелсіздіктің қадірін тұсіндіру мәселесінде осы құрылатын комиссия жұмысы үлкен болуы тиіс. Бізге құр мақтан, дарақылық, дабыра әңгімеден гөрі нақты іске көшкен жөн. 27 жыл іске аспаған мәселелер аталған комиссия құрылғаннан кейін жөнге келетін сияқты. Елімізде, сайлау, саяси партиялар, оппозиция туралы заңдар қабылданып жатыр. Халық үніне құлақ асатын мемлекет деп жатырмыз. Мұның барлығы біздің 27 жылдан бері айтып келе жатқан әңгімелерімізді қорытындылайтын сияқты. Сондықтан Мемлекет басшысына үлкен ризашылығымызды білдіреміз», - деді ол.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы болса ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді екі бөлек күрделі де трагедиялы дата ретінде санада да, тарихта да орнықтырған жөн болар еді деген ойын алға тартады.

«Президент Үндеуін талдап-таразылау үстінде қоғам және жауапты орындар мынандай ұсынысты ескерсе дейміз: Біріншіден, саяси зардабына әділ баға берілмеген кеңес өкіметі келмеске кетті. Бірақ сол қоғам ауыр саяси айып таққандардың ұрпағы тірі. Ата-бабасының ақталуын және саяси қетеліктерге баға берілуін ең алғаш солар күтіп отыр. Осы аяда келмеске кеткен патша өкіметінің де қуғын-сүргіндеріне, оның құрбандарына лайықты саяси баға берілгені дұрыс. Екіншіден, біз Аштық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды бір күні атап өтуіміз керек пе, жоқ бұған екі бөлек дата арнауымыз қажет пе – осы жағын қайта қарау маңызды. Біздіңше, «Қазақстан аштығы» немесе «Қазақстан голодоморы» - аса қасіретті оқиға. Сондықтан екеуін бір-бірімен байланысты, бірақ екі бөлек күрделі де трагедиялы дата ретінде санада да, тарихта да орнықтырған жөн», - деді Дихан Қамзабекұлы.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов комиссия жұмысының нәтижесінде қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысымен айналысатын ғылыми-зерттеу институт құрылуы тиіс деп санайды.

«Мұндай институт Украинада, Польшада және басқа да елдерде бар. Тіпті кейбір елде саяси қуғын-сүргін көрген адамдарды ақтаумен айналысатын министрлік те бар. Өкінішке орай, құқық қорғау органдарының архивтері жабық. Олардың бәрін ашу керек. Кейбіреулер «Сол кезеңдегі домалақ арыз жазғыштар жария болып кетеді. Солардың ұрпақтарына нұқсан келеді» деп санайды. Одан қорықпау керек. ҰҚК, Бас прокуратура, ІІМ архивтерін ашып, зерттеу қажет. Өйткені, біз кей кездері қуғын-сүргінге байланысты материалдарды Үкіметтің қаражаты есебінен көрші елдердің архивтерінен алып келеміз. Ал өзіміздің архивтерімізді ашса, ешқайда сенделмейтін едік», - деді тарихшы.


Жоғары қарай