Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Бұл қиындықты бірлескен іс-әрекетімізбен жеңетін боламыз  - Жұмабай Жақып

2020 жылдың 13 шілде 2020 15:41

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қатерлі індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин режимінің талаптарын өте мұқият орындауымыз қажет. Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» бірлестігінің Арал аудандық филиалының төрағасы, ақын Жұмабай Жақып осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде әлемдік пандемияның таралу қарқыны бәсеңдемей отыр. Біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ. Біз қазір аса қажеттілікке сәйкес енгізілген карантин режимінің талаптарын өте мұқият орындауымыз қажет.

«Қабылданған сақтық шаралары мен медицина қызметкерлерінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны көбейіп келеді. Дегенмен, бұл індеттің салдарынан қаншама атпал азаматтарымыздан, тұрғындар жақын-жуықтарынан айырылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты жариялаған 13 шілде -Ұлттық аза тұту күнінде барша қазақстандықтар қатерлі індеттен көз жұмған барлық жақындарын күрсіне еске алды деп санаймын. Мен дерттен көз жұмған барлық азаматтардың жақын-жуықтарына, ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Халқымыз аман, жан-жағымыз түгел, жақындарымыз әрдайым жанымызда болсын. Енді тарихымызда мұндай қаралы күн орын алмасын деп тілеймін. Бірлескен іс-әрекетімізбен бұл қиындықты жеңетін боламыз», - деді ол.

Айта кетсек, елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты халыққа үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялайтыны туралы мәлім еткен болатын.


Жоғары қарай