Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бұл сайлау ауыл экономикасының базасын өзгертеді – Қайсар Нығметов

2021 жылдың 26 шілде 2021 15:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің 730 елді мекенінде өткен әкім сайлауы ауыл экономикасының базасын өзгертеді. Ұлттық қоғамдық сенім мүшелерінің кездесуінде «Экономикалық зерттеулер институты» өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов әкім сайлауынан осындай импульс күтетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлауға оң баға беруге болады. Үміткерлердің басым бөлігі өзін-өзі ұсынды. Ресми қорытындысы айтылғаннан кейін толыққанды баға бере аламыз. Әкімдердің тікелей сайлауын енгізу - өте прогрессивті реформа. Қазір біз жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз, ауылдық округ әкімдерінің экономикалық дербестігін арттыруға қатысты, қандай салық түрлері олардың құзырына беріледі деген сияқты мәселелерді пысықтап жатырмыз. Осының негізінде жаңадан сайланған әкімдердің жұмысына қажет ауыл экономикасының базасы жасалады», - деген сарапшы үміткерлердің гендерлік және жас құрамына тоқталды.

«Ресми қорытынды шыққанда бірнеше сауалға жауап аламыз. Жеңімпаздар арасында жергілікті жастардың үлесі қандай, жалпы орташа жас қандай, олар осы ауылдың тумасы ма, әлде жастар резервінен түсті ме? Осының бәрін білу қызықты болар еді. Мұны әзірге сайлау комиссияларының қорытындысынсыз анықтай алмаймыз. Адамдар сайлауға келіп, нақты адамдардың арасынан үміткерді тікелей өздері таңдағандықтан, оның келешектегі жұмысына әсер етеміз деген сенімі бар. Қазір халық өз келешігне қатысты қандай да бір шешім қабылдау кезінде пікірлері ескерілгенін қалайды. Сондықтан тікелей сайлаудың алғашқы толқыны ойдағыдай өтті деуге болады. Ал нақты нәтижесін, ауыл өміріне қалай әсер еткенін бір-екі жылдың айналасында көре аламыз», - дейді сарапшы.


Жоғары қарай