Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 3,5 пайыз деңгейінде болуы мүмкін

2020 жылдың 2 сәуір 2020 09:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 3,5 пайыз деңгейінде болуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджет кірістерінің тапшылығын жабу және дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қаржыландыру үшін 2020 жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 2 трлн 70 млрд теңгеге, яғни 4 трлн 770 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсынылады. Сіздердің қарауларыңызға республикалық бюджетті нақтылаудың Ерекше тәртібі аясында 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Заңға өзгерісті енгізу бойынша Президент Жарлығының жобасы енгізілді. Жалпы, республикалық бюджеттің шығыстарын бекітілген көлемге қарағанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 14,3 трлн теңге көлемінде болжанады. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 3,5 пайыз деңгейінде 841 млрд теңгеге ұлғайта отырып жоспарланады», - деді Руслан Дәленов.

Оның дерегінше, мұнайға қатысты емес тапшылық деңгейі жалпы ішкі өнімнің 10,8 пайызын құрайтын болады.

«Жоғарыда айтылғандардың негізінде, 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы аясында 2020 жылға арналған макрокөрсеткіштер болжамын нақтылауды және кепілдендірілген трансфертті түзету бойынша Мемлекет Басшысы Жарлығының жобасын қолдауларыңызды сұраймын», - деді министр.


Жоғары қарай