Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Чемпиондар Лигасы: «Барселона» мен «Бавария» жарысты жалғастырады

2020 жылдың 9 тамыз 2020 03:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Чемпиондар лигасында ширек финалға жолдама алған барлық командалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Испанияда «Барселона» өз алаңында Италияның «Наполи» командасын қабылдады. Олар алғашқы кездесуде 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. Сондықтан бүгін «Барселона» барын салды. Бірінші кезеңнің өзінде қарсыластар қақпасына үш гол соқты. Оны Клеман Лангле 10, Лионель Месси 23, Луис Суарес (пенальтиден) 46-минутта өзінің еншісіне жазды. Оған бірінші кезең бітер сәтте «Наполи» ойыншысы Лоренцо Инсинье пенальтиден жауап қайырды. Ойында «Барселона» 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір кездесу Германияда «Бавария» (Мюнхен) мен Англияның «Челси» (Лондон) командалары арасында өтті. Айта кетерлігі, неміс футболшылары Лондонда өткізілген ойында алаң иелері қақпасына жауапсыз үш гол соққан еді. Сол себепті жанкүйерлер жарысты қай команданың жалғастыратынын алдын-ала шешіп қойды. Қарымта кездесуде де «Челси» лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Ойынның 10-минутында «Бавария» шабуылшысы Роберт Левандовски пенальтиден есеп ашса, оның командаласы Иван Перишич 24-минутта есепті үстемелей түсті. «Челси» ойыншысы Тэмми Абрахам 44-минутта бір гол соғып есеп айырмасын қысқарта түсті. Ойынның екінші кезеңінде «Бавария» сапынан Корентин Толиссо 76, Роберт Левандовски 83-минутта қос гол соқты. Есеп 4:1. «Бавария» ширек финалға жолдама алды.

Естеріңізге сала кетелік, доп додасы 11 наурыздан кейін коронавирус індетіне байланысты кейінге шегерілді. Турнирдің 1/8 финалындағы төрт ойын болып, қалған төртеуі өткізілмей қалған еді. Ширек финалға наурыз айында «Лейпциг» (Германия), «Атлетико Мадрид» (Испания), «Аталанта» (Италия) және «Пари Сен-Жермен» (Франция) командалары жолдама алған болатын. Кеше олардың қатарына «Манчестер Сити» (Англия) және «Лион» (Франция) командалары қосылды.

Ширек финалда «Лейпциг» (Германия) пен «Атлетико Мадрид» (Испания), «Аталанта» (Италия) және «Пари Сен-Жермен» (Франция), «Манчестер Сити» мен «Лион», «Барселона» мен «Бавария» командалары кездеседі. Ойындар 12-15 тамыз аралығында өткізіледі.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай