Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Цифрландыру әскердің күш-құралдарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді

2020 жылдың 3 маусым 2020 20:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Цифрландыру әскер күш-құралдарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Қарулы Күштерін цифрландырудағы өзекті мәселелер талқыланды. Шараға Президенттің кеңесшісі Бағдат Мусин, Қорғаныс министрлігі басшылығы, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылар қатысты.

Қорғаныс министрлігі елдің қауіпсіздігіне жауап беретін мемлекеттік орган ретінде армияны цифрландыруға кірісті. Ол үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға қатысу, «Электронды үкімет» порталы арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ әскери мақсаттағы басқару жүйесін автоматтандыру мен ақпараттық жүйелерді енгізу.

«Армияны цифрлық тұрғыда жаңғырту мәселесінде белгілі бір нәтиже бар. Цифрлық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе жинақталып, күш-құралдардың қажетті әлеуеті құрылуда. Сонымен қатар, Қарулы Күштерде әлі де атқаратын іс көп», – деді Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.





Сонымен қатар, ол командирлердің қызығушылығы және жеткілікті қаржыландыру болмаса, нәтиже болмайтынын атап өтті. Барлық деңгейдегі командирлер автоматтандыру мен цифрландырудың не беретінін түсінбей, жақсы нәтиже болмайды.

Әскер түрлері мен тектері, өңірлік бас қолбасшылар басқармаларының құрылымына автоматтандыру және цифрландыру жөніндегі офицерлерді енгізу қажет.

Басқару үдерістерін автоматтандыру басқару қызметінің циклын қысқартуға бағытталған. Ол жауынгерлік міндетті алудан бастап, оның орындалуын талдауға дейінгі жұмысты қамтиды.

Мәселен, автоматтандырылған басқару жүйесі Әуе қорғанысы күштерінде жұмыс істейді. Ол әуе жағдайын бейнелеуді қол күшінің көмегімен емес, автоматты түрде орындайды. Жауынгерлік құралдардың дайындығын бақылау, штурмандық міндеттерді мақсатты бөлу және шешу бағдарламалық-аппараттық кешендерді қолдана отырып жүзеге асырылады.

Әуе қорғаныс күштері автоматтандырылған басқару жүйесінің мобильді кешендерін жауынгерлік іс-қимыл кезінде бөлімдер мен бөлімшелердің маневр жасауын қамтамасыз ету үшін енгізу жоспарланып отыр. Майдандық, армиялық, сондай-ақ көлік авиациясын басқару мүмкіндігін қосу мақсатында арнайы бағдарламаны қамтамасыз етудің функционалы кеңейтілетін болады.





Сондай-ақ, жоғарғы буын мен құрлық әскерін басқарудың автоматтандырылған жүйесі әзірленді. Ол - Қарулы Күштерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің негізі және бағынышты әскерлерді басқарудың тиімділігі мен сапасын арттыруға, шешімдер қабылдау уақытын қысқартуға және күш-құралдардың аз шығынында жауынгерлік іс-қимылда табысқа жету үшін әскерлердің мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану үшін жағдай жасауға арналған.

Бұдан басқа, Қарулы Күштер ресурстарын басқарудың автоматтандырылған жүйесі әзірленуде. Ол жұмылдыру, материалдық-техникалық, және өзге де ресурстарды , сондай-ақ әскердің кадрлық әлеуетін басқару және бухгалтерлік есепке алу процестерін автоматтандыруды көздейді. Аталмыш жүйені құру аяқталғаннан кейін есептің барлық түрлерін онлайн-режимге көшіру, сондай-ақ қолда бар және құрылатын анықтамалықтар мен жіктеуіштер негізінде Қарулы Күштердің есептік-жабдықтау бірліктерін қалыптастыру процесін автоматтандыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Әскери басқарманың жергілікті цифрлық органы» пилоттық жобасын Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысының жергілікті әскери басқарма органдарына енгізу жоспарлануда.





Қазіргі таңда өнеркәсіптік пайдалануға 11 ақпараттық жүйе қабылданды.

Стратегиялық, жедел және тактикалық деңгейдің далалық басқару органдарын автоматтандыру деңгейін арттыру үшін 2020 жылы мобильді орындаудағы автоматтандыру құралдарының жеті далалық кешенін және жылжымалы немесе кейстік орындаудағы төртеуін алу жоспарланып отыр.

Қорғаныс Министрлігі, Бас штаб, Қарулы Күштер түрлері, әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтар, құрамалар, әскери бөлімдер мен мекемелер арасында ақпарат алмасу үшін деректерді берудің ведомстволық желісін құру жалғасуда. Бұл әскери бөлімдер мен мекемелерді бірыңғай цифрлық ақпараттық кеңістікке біріктіруге мүмкіндік береді.



Жоғары қарай