Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

CҚО-да 62 жастағы әйел алғаш рет Қазақстан азаматтығын алды

2021 жылдың 25 мамыр 2021 03:34

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бұрынғы кеңестік төлқұжатпен жүрген 62 жастағы әйел Қазақстан азаматтығын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайың ауданының тумасы 62 жастағы Раиса Пивень сауыншы болып жұмыс істеген.

Украин азаматына тұрмысқа шығып, 1991 жылы Молдова Республикасына қоныс аударады. Алайда әйел күйбең тірлікпен ескі құжатын ауыстырмай жүріп қалады.

Былтыр қараша айында Раиса Пивень өзін азаматтығы жоқ тұлға ретінде тануы үшін Молдова Республикасының полициясына арызданған.

Алайда сол елдің заңына байланысты тәртіп сақшылары әйелге мәртебе беруден бас тартып, Қазақстанға депортациялайды.

Әйелдің Аққайың ауданында жалғыз туысы ғана қалған екен. Ол соның үйіне келіп қоныстанды.

Жергілікті полиция да шетелден келген зейнеткерді жақсы қабылдап, қолдан келгенше көмектесті.

«Миграция қызметкерлері мән-жайды толық анықтап, оның 1991 жылға дейін облыс аумағында тұрғанын нақтылады. Осылайша Раиса Насибуловна 1974 жылғы қызыл төлқұжатынан құтылып, 18 мамыр күні ҚР азаматының жеке куәлігін алды. Жақында ол өзінің алғашқы зейнетақысын алады. Адамдардың мәселесін шешуге көмектесу - ішкі істер органдары құзіретіне кіреді. Полиция «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципін іске асыру аясында бұл жұмыстарға басымдық берген», - дейді Аққайың ауданының ПБ бастығы Руслан Сапаров.


Жоғары қарай