Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

COVID-19 кезінде нәрестеге күтім жасау тәртібі қандай

2020 жылдың 6 тамыз 2020 13:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы, медицина ғылымының докторы Риза Боранбаева жаңа туған нәресте мен балаларға коронавирус қалай әсер ететіні туралы айтып берді.

«Біздің және басқа да республикалық орталықтардың мамандары COVID-19 індетін жұқтырған аналардың нәрестелеріне күтім жасаудың алгоритмін дайындады. Осындай нәрестелерге медициналық көмек аталған алгоритмге сәйкес жүргізіледі. Барлық өңірлер алгортимге сүйеніп, тиісті қадамдарды жасайды. Онда инфекция жұқтырған аналарды босандырып алу, жаңа туған нәрестені оқшаулау, балаға күтім жасау тәртібі қамтылған», - деп түсіндірді педиатр дәрігер.

Сонымен қатар Р. Боранбаева коронавирусқа шалдыққан жүкті әйелдерге арналған перзентханалар туралы айтып берді.

«Жүкті әйелде коронавирус инфекциясы анықталса, онда ол жалпы перзентханада босанбайды. Сәйкесінше, ол індет жұқтырған әйелдерге арналған перзентханаға жеткізіледі. Нәрестені алу үшін бірден неонатологтар бригадасы дайындалады, яғни олар баланы оқшауланған басқа бөлмеде күтіп тұрады. Нәресте өмірге келгеннен кейін, оны дәрігерлердің осы бригадасына тапсырады. Неонатологтар баланың денсаулық жағдайын бағалап, анасынан бөлек шығарады. Себебі нәресте анасынан инфекцияны жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын білмейміз. Баладан коронавирус инфекциясына анализ алынады. Осы орайда баланың инфекцияға қатысты жағдайы анықталғанша, оны бөлек ұстаймыз. Егер балада инфекция нақтыланса, ал анасының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде болса және коронавирус симптомсыз өтіп жатса, онда баланы анасына тапсырамыз. Өйткені, баланы бөлектеудің негізі жоқ, екеуінде де инфекция бар», - деді дәрігер.

Оның сөзіне қарағанда, коронавирус балаға вертикалды жолмен жұқпайды, анасынан құрсақтағы балаға індет таралмайды.

«Негізінен нәресте инфекцияны босану жолдарынан өткен кезде жұқтырады. Сондықтан анасы мен баласында індет анықталса, олар бір-бірінен ажыратылмайды. Егер де нәрестеде инфекция болмаса, онда оны уақытша басқа палатаға оқшаулаймыз. Себебі баланы емізген кезде індетті жұқтыру қаупі болады. Осыдан кейін анасы мен баланың жағдайы жақсы болса, оларды перзентханадан шығару мүмкіндігі қарастырылады», - деп нақтылады ол.

Балалардың 20 пайызы індетті орташа ауыр және ауыр формада еңсереді

Атап айтқанда, балалар мен нәрестелерде коронавирус инфекциясы негізінен симптомсыз немесе жеңіл формада өтеді. Яғни, бұл балалардың 80 пайызға жуығы ауруды симптомсыз әрі жеңіл формада еңсеретінін білдіреді.

«Балалардың 20 пайызында індет орташа ауыр және ауыр формада өтеді. Олар көбіне созылмалы әрі қосалқы аурулары барлар. Осы созылмалы аурулар инфекция кезінде жағдайды қиындатып, асқындырып жібереді», - деді Риза Боранбаева.

Дәрігердің атап өтуінше, жаңа туған нәрестенің иммунитетін көтеру анасына байланысты. Дені сау бала өмірге келуі үшін анасының денсаулығы жақсы болуы керек.

«Негізінен, барлығы анасына байланысты. Әрине, жүктілік кезінде әйелдің коронавирус инфекциясымен ауырғаны көңіл көншітпейді. Ең бастысы – ақуызға, дәрумендерге бай үйлестірілген тағамдар болуы керек, сондай-ақ медициналық бақылау уақтылы жасалған жөн. Бұл тұрғыда баланың денсаулығына қатысты жағдай тұрақты бақылауда болады», - деді медицина ғылымдарының докторы.


Жоғары қарай