Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

COVID-19: Шетелдік инвесторлар Қазақстанға қалай көмектесті

2020 жылдың 16 қараша 2020 21:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемді әбігерге салған COVID-19 коронавирус инфекциясы бірқатар салаға ауыр соққы болып тиді. Жыл басынан бері тұралап қалған жұмыс жетерлік. Дегенмен, ел басына күн туғанда жәрдем беруге асыққан кәсіпкерлер мен компаниялар да аз емес. Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы түрлі салаларға көмек ұсынған компаниялар тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандағы Шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығы және «Шелл Қазақстан», «Эни», «ИНПЕКС Норт Каспиан Си ЛТД.», «Тоталь», «ЛУКОЙЛ», «Камеко Қазақстан», «Эр Ликид», «Такеда», «Рио-Тинто» компаниялары COVID-19 науқастарын емдеуге жәрдемдесу мақсатында қарқынды терапияға арналған заманауи жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алып, Нұр-Сұлтан қаласының көпсалалы медициналық орталығына сыйға тартқан. Жабдықтың жалпы құны 200 млн теңгеден асады. Қарқынды терапияға арналған жабдық арасында төсек жанындағы мониторлар, инфузия сорғылары, қан анализаторы, электроимпеданс томографы және реанимация шараларын жүргізуге арналған функционалды жабдықтар бар. Медицина қызметкерлері бұл жабдықты пайдалану бойынша арнайы оқудан өткен.

Оған қоса, Көпбейінді медициналық орталықта жұмыс істейтін және COVID-19 вирусын жұқтыру қаупі бар медициналық қызметкерлерге 10 000-нан астам жеке қорғаныс құралы, оның ішінде медициналық маска, қорғаныш халаты, көзілдірік пен қолғап берілді. Бұл қорғаныс құралдары медициналық мекеменің қызмет көрсету деңгейін көтеріп, науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін қорғау үшін өте маңызды. Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы арнайы медициналық жабдықтар мен материалдарға сұраныс берген және оған жауап ретінде шетелдік инвесторлар бірлесіп қажетті жабдықтарды сатып алды.

Сәуір-маусым айларында сыра саласындағы «Efes Kazakhstan» компаниясы корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілік қағидатына сүйене отырып, дағдарыстан зардап шеккен қоғамдық тамақтану саласындағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдау, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетіп, медицина қызметкерлерін қолдау бойынша науқан өткізді. Әлеуметтік жоба Қазақстанның ірі қалаларын – Алматы, Нұрсұлтан, Шымкент, Қарағандыны қамтыды.

Науқан аясында жұмыссыз қалған көптеген даяшы, бармен және басқа да қызметкерлерге ваучерлер мен азық-түлік себеттері түрінде көмек көрсетілді. Жергілікті билік берген тізімдерге сәйкес аз қамтылған тұрғындарға азық-түлік жинытығы таратылды. Сонымен бірге, Алматы қаласындағы И.С. Жәкенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлері күнделікті ыстық тамақпен қамтылды.

«Кока-Кола Алматы Ботлерс» БК ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапты өкілі ретінде шетте қалмады жан-жақты қолдау көрсетуді белсенді түрде жалғастырады. «The Coca-Cola Foundation» халықаралық қайырымдылық қоры Қазақстанға COVID-19-ға қарсы күресте көмек көрсету үшін 130 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Қазақстандағы «Қызыл Крест» және «Қызыл Жарты Ай» халықаралық қозғалысымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бұл қаражат медицина қызметкерлері үшін 1 620 көп қолданылатын обаға қарсы жинаққа, COVID-19 вирусын анықтайтын 27 000 тест үшін 270 реагент жиынтығына жұмсалды. Қаражаттың бір бөлігі елдің әртүрлі аймақтарындағы 4 000 аз қамтылған үй шаруашылығы үшін ең қажет тамақ өнімін сатып алуға берілді. Сондай-ақ, компания медициналық мекемелерге, блок бекеттерге және карантин аймақтарына 17 400 литрден астам сусын ұсынып, Ақмола, Алматы, Қарағанды және Қостанай облыстарында аз қамтылған отбасылар үшін 1 000-ға жуық азық-түлік себетін беруге көмектесті.

Ал «Рамстор Қазақстан» ЖШС COVID-19 бойынша төтенше жағдайда 750-ден астам отбасына 3 млн теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетті. Компания Алматыдағы Түркия Республикасы Бас консулдығының бастамасын қолдап, қиын кезеңде табыссыз қалған отбасыларға 500 қорап әлеуметтік маңызы бар тауар ұсынды. Нұр-Сұлтан қаласында мұқтаж отбасылар осы жоба бойынша 100 қорап азық-түлік алды. Алматы қаласы Бостандық ауданының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына аудан әкімдігінің тізімімен 100 қорап азық-түлік жеткізілді. Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімдігімен бірлесіп, карантинге жабылған тұрғын үйдің аз қамтылған 27 отбасы азық-түлік жинағымен қамтамасыз етілді. Алматы қаласы Медеу ауданындағы ҰОС 32 ардагері Жеңіс күніне орай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себетін алды. «Рамстор Қазақстан» ЖШС сатып алған 2 оттегі концентраторы Ыстанбұл қаласындағы ҚР консулдығына берілді.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясы өз қызметкерлері мен Қарағанды облысының тұрғындары үшін коронавирусқа тест жүргізу үшін қаражат бөлді. Осылайша, компания көмегімен Қарағанды облысындағы ПТР тест тапсыратын адамдар саны екі есеге артты. Осы дүйсенбіден бастап «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қаржыландырған тесті саны 3 000-ға дейін артты.

«Қарағанды облысының әкімдігімен консультация жүргізіп, ауруды одан әрі таратпау үшін коронавирусқа талдау жүргізу мүмкіндіктері көбірек болуы тиіс деген қорытындыға келдік. Біз «Олимп» зертханасымен ынтымақтастық туралы келісім жасастық, олар қазір күніне 1 200 тест өткізеді. Біздің 80 млн теңге көлеміндегі қаржылық қолдауымыздың арқасында зертхана коронавирусқа жүргізілетін талдау санын күніне 3000-ға дейін арттыра алады, ал біздің қызметкерлерге тест тапсыру мүмкіндігіне кепілдік беріледі, бұл «АрселорМиттал» компаниясына ғана емес, облыс тұрғындарына да тиімді», - дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир.

Азия Даму Банкі (АДБ) 25 маусымда Қазақстан үшін 1 млрд АҚШ доллары көлемінде арнайы көмек пакеті ретінде бюджеттік кредитті бекітті. Бұл Үкіметке денсаулық сақтау, әлеуметтік және экономикалық саладағы коронавирус ауруының (COVID-19) салдарын жеңілдетуге көмектеседі. Бұл пакет Үкіметтің кешенді жоспарын қаржыландыруға көмектеседі деп күтілуде, оған науқастарды ауруханаға жатқызу және COVID-19 байланысты дәрі-дәрмектерді тегін беру, халықтың осал топтары үшін жұмыспен қамтуды қолдау шаралары және кеңейтілген әлеуметтік көмек бағдарламалары кіреді. Сонымен бірге АДБ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын жақсарту үшін COVID-19 анықтауға шұғыл зертханалық зерттеулер жүргізу үшін медициналық қызметкерлерге қорғаныс құралдарын сатып алуға 1 миллион АҚШ долларын бөлді.

30 маусымда АДБ мен БҰҰ Даму бағдарламасы COVID-19 медициналық қалдықтарын басқару, вирустың таралуын тежеу және оның салдарын жеңілдету бойынша медициналық қызметкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту жобасын қолдау үшін әкімшілік келісімге қол қойды. Жоба аясында COVID-19 медициналық қалдық өңдеуге арналған үйлестірілген нормативтік стандарт және медициналық қалдықты өңдеу жөніндегі тиімді дерек базасы әзірленеді және оқыту арқылы медициналық мекемелердің эпидемияға ден қою мүмкіндіктері күшейтіледі.

27 тамызда Азия Даму Банкі COVID-19 пандемиясымен күресте халықтың осал топтарына медициналық препараттар мен жабдықтар беру үшін Қазақстанға 3 млн АҚШ доллары мөлшерінде тәуелсіз грант бекітті. Грант Жапония Үкіметінің қолдауымен Азия-Тынық мұхиты табиғи апаттарға әрекет ету қорының қаражатынан бөлінді. АДБ Үкіметпен және даму жөніндегі басқа да әріптестермен бірлесіп, COVID-19 пандемиясына қарсы күресте Қазақстан үшін ынтымақтастық қорын құру жұмысын аяқтайды. Ынтымақтастық қоры қажетті мамандықтарды анықтау бойынша талдау жүргізеді, пандемия кезінде жұмысынан айырылғандарға жаңа еңбек дағдыларын үйрету және кейіннен жұмысқа орналасу үшін тренингтік бағдарламалар әзірлейді.

«Шеврон» компаниясы қазан айында Қазақстанның емханалары мен ауруханаларындағы науқастарға берілетін дәрілік заттардың бірінші партиясын сатып алып, Алматы қаласына жеткізді. Бұл шара Қазақстанның COVID-19 таралуына қарсы күрес жөніндегі күш-жігерін қолдауға бағытталған. Елдің пандемиямен күрес қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Шеврон Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қажетті дәрі-дәрмек тізімін анықтады. Шеврон 250 000-нан астам пакет (11,6 миллионнан астам таблетка) Парацетамол, Ибупрофен, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатранды қоса алғанда, COVID-19 пациенттерін емдеуге арналған дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етеді. Одан басқа, бағдарлама медициналық жабдықты, 400 000 жеке қорғаныс құралын сатып алуды және жеткізуді және COVID-19 пациентін емдеумен айналысатын медицина қызметкерлерін оқытуды қамтиды. Шеврон компаниясы Алматы Балалар жұқпалы аурулар ауруханасына екі ӨЖЖ аппаратын тегін берді. Сонымен бірге Шеврон дәрігерлерді оқытуды және жабдыққа 37 ай бойы кепілді техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етті.

Сәуір айында, Шеврон және Колумбия университетінің Мэйлман атындағы ICAP Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі Қазақстанға Қытайдан 10 сарапшының (дәрігерлер мен эпидемиологтардың) 16 күндік сапарын ұйымдастырды. Қытайлық дәрігерлер COVID-19 пандемиясымен күресу тәжірибесімен бөлісті. Шеврон мен ICAP Алматы қаласының медициналық мекемелеріне 70 000 респиратор маскасын тапсырды. Пандемия туралы халықтың хабардар ету үшін БАҚ-тың жеті жобасы қаржыландырылды. Әлеуметтік аз қамтылған 2000 отбасыға көмек көрсетілді. Алматы қаласы мен Алматы облысының провизорлық клиникаларының дәрігерлеріне 2300 түскі ас пен кешкі ас және 500 жеке қорғаныс құралдары жеткізілді. 100 еңбек мигрантына қолдау көрсетілді. Шағын бизнеске 1400 консультация берілді, бизнеске арналған 300 жеке даму жоспары әзірленді.

Теңізшевройл (ТШО) Атырау облысында COVID-19-пен күресу үшін медициналық жабдықтарды, жеке қорғаныс құралдарын, ПТР-тестілерді сатып алды. Вирустың таралу қаупін азайтып, қызметкерлер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТШО жергілікті денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, 100 мыңнан астам COVID-19 ПТР тестін жүргізді. Бүгінгі таңда ТШО Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы үшін жалпы сомасы 7 млн АҚШ доллары болатын жеке қорғаныс құралдары мен оттегі концентраторларын сатып алды. Халықаралық рейстердің тоқтатылуына байланысты, компания ұшақ бөліп,студенттердің үйге оралуына көмектесті. Компания жүк тасымалдауды ұйымдастырып, Атырауға 20 тоннадан астам дәрі-дәрмек жеткізуге көмектесті. Бүгінде ТШО Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына белсенді қатысуда.

Citi компаниясының міндеті – өсу мен экономикалық прогреске ықпал ету. COVID-19 пандемиясы жүздеген мың қазақстандық оқушыны үйде қалуға мәжбүр етті. Сонда City БҰҰ Балалар қорына (ЮНИСЕФ) 80 000 АҚШ долларын аударды. Citi қайырымдылық жұмыстары пандемиядағы оқшаулау салдарынан қазақстандық отбасылардағы күйзелісті азайтуға көмектесетін ЮНИСЕФ-тің психологиялық көмек бағдарламасын қаржыландыруға және Алматы мен Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға 60 ноутбук сатып алуға бағытталды.

«Ситибанк Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Андрей Курилиннің айтуынша, пандемияда Citigroup бүкіл әлемдегі мұқтаж адамдарға қолдау көрсетеді.

«Оны біз өз әріптестерімізден бастадық: пандемия шектеуіне байланысты экономикалық қиындыққа тап болған 75 000 қызметкер бір реттік арнайы төлем алды, оны Қазақстанда қызметкерлердің төрттен бір бөлігі алды. Citi сонымен бірге «Жақсылықты еселе» жаһандық науқанын бастады, онда қызметкерлердің жеке қайырымдылық жарналары екі есе көбейтіліп, International Rescue Committee халықаралық бейкоммерциялық ұйымына жіберілді. Ал Қазақстанда биліктің балаларға мектеп білімін жалғастыруға көмектесу туралы үндеуіне қуана үлес қостық», - дейді А. Курилин.

Италиялық «Эни» ірі мұнай-газ компаниясы басқа шетелдік инвесторлармен бірлесіп, COVID-19 науқастарын емдеу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбейінді медициналық орталыққа қарқынды реанимациялық терапияға арналған ең заманауи жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдары жиынтығын алып берді, олардың жалпы құны 200 млн теңгеден асады. Оның арасында науқастардың жай-күйін бақылайтын бірнеше монитор, инфузиялық сорғылар, қан плазмасын талдау және электроимпеданстық томография аспаптары, реанимациялық шаралар жүргізуге арналған функционалдық жиһаз бар. Медициналық қызметкерлер жеткізілген жабдықпен жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өтті. Одан бөлек, медициналық маскалар, қорғаныс халаттары, көзілдіріктер мен қолғаптарды қоса алғанда, 10000-нан астам қорғаныс құралдары COVID-19 пациенттерімен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлерге беріледі.

Ақтөбе облысында Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері жобаларымен айналысатын Эни-дің еншілес кәсіпорны «ArmWind» ЖШС халыққа 400 000 медициналық маска сатып алып, оларды Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау департаментіне жеткізген.

EURASIAN RESOURCES GROUP (IRG) Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қор құру туралы бастамасын қолдады және қор құру үшін 4,5 млрд теңге бөлді. ERG негізін қалаушы және директорлар кеңесінің мүшесі Алиджан Ибрагимов Павлодар облысы мен Алматы қаласының өңірлік қорларына жеке қаражатынан 100 млн теңгеден бөлген. Елімізде ТЖ жарияланып, профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру үшін ERG Нұр-Сұлтан қаласының қорына 100 млн теңге бөлген. Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстарына 1,56 млрд теңге жіберілді. 1,9 млрд теңге ERG кәсіпорындары қызметкерлерінің профилактикалық және емдеу жұмыстарына бағытталды.

«Филип Моррис Қазақстан» ЖШС (ФМҚ) Алматы облысы, Іле ауданының аз қамтылған азаматтарына гуманитарлық қолдау көрсетіп келеді. Қазақстанда карантин енгізілгеннен бері ФМҚ өкпені жасанды желдетудің әмбебап аппаратын сатып алып, Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасына сыйға тартты. Басқа компаниялармен қатар ФМҚ «Birgemiz» қорына қаржылық көмек көрсетті. Компания елдегі медициналық және гуманитарлық әлеуетті қолдау ретінде 76 млн теңге ұсынды. Пандемияға байланысты бұрын жоспарланған қайырымдылық бастамалар қайта қаралды, осылайша компания ардагерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтарындағы отбасыларға көмек көрсету үшін қаражат бөлді. Бұл бастама Іле ауданындағы 150 отбасын қамтып, оларды карантин режимінде қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Бұдан басқа, әлеуметтік аз қамтылған халықты қолдау үшін бір ай бойы ауылдық қарттар үйлеріне түскі астар мен кешкі астар жеткізілді. Компания қосымша Алматы облысы Іле ауданының аз қамтылған азаматтары үшін 5000-нан астам маска мен 1000 санитайзер сатып алды.

Компанияның тағы бір бастамасының арқасында Байсерке ауылындағы 50-ден астам оқушы қашықтан білім алуға мүмкіндік беретін планшет алды. ФМҚ барлық қызметкерлерді толық жұмыспен қамтыды және қызметкерлердің жалақысын сақтай алды. Карантин кезеңінде компания жедел шаралар қабылдады, жұмысшылар мен олардың отбасыларына жеке қорғаныс құралдарын беріп, қашықтан жұмыс істеп, жұмысшылардың денсаулығын қадағалап, далалық жұмыстарды шектеді.

SANTO компаниясы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкенттегі медициналық қызметкерлерге жеке қорғаныс құралдарын және Шымкенттегі әскери бөлімге антисептикалық құралдар берді. Сондай-ақ, компания Шымкент қалалық кардиологиялық орталығына, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталыққа (Нұр-Сұлтан) және Алматы храмының жанындағы қарттар үйіне дәрі-дәрмек берді.

«COVID-19 адамдардың өмірін түбегейлі өзгертті. Вирус Қазақстанның барлық аймақтарына таралды. Мемлекет барлық күш-жігерін халықты қорғауға жұмсады және біз оң нәтижелерді көріп отырмыз. SANTO компаниясы да науқастардың денсаулығына жауапты бола отырып, барлық қажетті шараларды қабылдады, дәрі-дәрмек өндірісін жалғастырды және өндіріс көлемін арттырды. Барлық дерлік елдер өзін-өзі оқшаулаған жағдайда, Қазақстанның пациенттері отандық тиімді және сапалы препараттармен қамтамасыз етілгені өте маңызды. Сонымен қатар, SANTO дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге көмектесу үшін шамамен 100 000 доллар қаражат бөлді. Осылайша, біз адамдардың өмірін сақтап қалатын дәрігерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне алғыс білдіргіміз келеді және пациенттердің сауығуына үнемі қамқорлық жасаймыз. Қазір өзара көмек пен бір-бірімізді қолдау өте маңызды, тек ортақ күш-жігермен біз вирусты жеңе аламыз», - дейді SANTO компаниясының бас директоры Ижи Урбанец.

Сбербанк АҚ еншілес банкі Алматы қаласының COVID-19 науқастары емделіп жатқан ауруханалары үшін өкпені жасанды желдететін 3 аппарат, 100 пульсоксиметр сатып алуға 50 млн теңге бөлді. Шағын және орта бизнес субъектілері мен жеке тұлғалар үшін 90 күнге дейінгі мерзімге несиелер бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін кейінге қалдыруды ұсынды және өз қызметкерлерін де назардан тыс қалдырмады.

Банк ішінде жаппай корпоративтік іс-шаралар өткізуге мораторий енгізілді. Тұрақты жиналыстар бейне байланыс режиміне ауыстырылды. Кездесу өткізу үшін қашықтан байланысу құралдары барынша пайдаланылды. Халықаралық және қалааралық іссапарларға алдын ала мораторий енгізілді. Қызметкерлердің қалауы бойынша олардың денсаулық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізілді. Барынша өтімді жерлердегі банктерге санитайзерлер орнатылды, үй-жайларды дезинфекциялау және кварцтау, сондай-ақ ауаны баптау шаралары күшейтілді. Фронт офис қызметкерлері жеке қорғаныс құралы – маска, қолғап, санитайзермен қамтамасыз етілді. Орталық кеңсе қызметкерлерінің 70% қашықтан жұмыс форматына ауыстырылды. Дербес компьютері жоқ қызметкерлерге банк жұмыс істеуге арналған техника ұсынды. Өздері орындайтын жұмыстың ерекшелігіне байланысты қашықтағы жұмысқа ауыса алмайтын қызметкерлер аурудың таралу қаупін азайту үшін әртүрлі ғимаратқа орналастырылды. Банк қала маңында тұрып, қалаға жұмысқа кіре алмайтын қызметкерлердің жалақысын сақтап қалды. Сонымен қатар, Сбербанкте несиесі бар қызметкерлерге банк несиелік демалыс берді.

«Шелл Қазақстан» компаниясы дағдарыс жағдайына байланысты экономикалық қиындыққа тап болған ШОБ ұйымдары мен кәсіпкерлерін қолдау жөніндегі қосымша жобалар бастамасын көтерді. «Shell LiveWIRE» кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлеріне арналған гранттар үлесі 50%-дан 75%-ға дейін 10 000 еуро сомасына ұлғайтылды. Шағын және орта бизнеске арналған бұл гранттық бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Одан бөлек, компания карантин режимінде қызметті қайта бағдарлау мен жандандыруға жәрдемдесу үшін кәсіпкерлерге «Shell LiveWIRE» дағдарысқа қарсы оқыту семинарларын өткізді. Бизнес-қарқын аясында 300-ден астам кәсіпкер жаңа өмірге тез бейімделу үшін нақты практикалық құралдарды алды.

Франциялық «Тоталь» мұнай-газ компаниясы Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындарына елеулі қолдау көрсетіп, аймақтық денсаулық сақтау және білім беру басқармаларына 1,3 млн АҚШ долларын берген. Тоталь Дунга мұнай кен орнының операторы бола отырып, жергілікті денсаулық сақтау жүйесін медициналық жабдықпен қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысының билігімен тығыз ынтымақтастық жасайды. Оған бейнеэндоскопиялық кешен, компьютерлік томографияға арналған жабдық, ультрадыбыстық диагностикаға арналған стационарлық жүйе, өкпені жасанды желдетуге арналған аппарат және жаңа туған нәрестелерді күтуге арналған жабдық кіреді. Жабдықтардың жалпы құны 1 млн АҚШ доллары болған.

Қызылорда және Жамбыл облыстарында жаңартылатын энергия көздерімен айналысатын Тоталь компаниясының еншілес бөлімшесі – Тоталь Ирен екі күн электр станциясынан елдің энергия жүйесіне арзан әрі таза энергияны қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті медициналық мекемелер мен медицина қызметкерлеріне қажетті қолдауды ұйымдастыру бойынша әкімдіктермен ынтымақтасады. Сондай-ақ, оқу жылы басталарда Тоталь компаниясы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға ноутбуктер сыйлады.

Жоғары қарай