Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дәрі-дәрмектің қымбаттауы: Комитет сенім телефонын жариялады

2020 жылдың 15 шілде 2020 22:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада дәрі-дәрмектерді көтеріңкі бағада сатудың үш фактісін анықтады. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» бұйрығына қайшы дәрі-дәрмектерді көтеріңкі бағада сатудың үш фактісін анықтады.

«Қаладағы үш дәріхана қызметкерлері бір қаптамадағы 1000 мг «флемоксин солютаб амоксициллин» дәрісінің 20 таблеткасын 4800 теңгеге, «Сумамед» дәрісінің бір орамасын 7250 теңгеге және бір орама «Гроприносин 500 мг» 7500 теңгеге көтеріңкі бағада сатқан», - делінген баспасөз хабарламасында.

Тексеріс барысында 16 қаптама «флемоклав солютаб 500 мг+125 мг», 7 орама «Сумамед 500мг», 18 орама «Сумамед 250 мг» және «Гроприносин 500 мг» дәрісінің 11 орамасы тәркіленіп алынды.

Аталған құқыққа қайшы іс-әрекет бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Айыпты тұлғалар жауапкершіліке тартылатын болады.

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ЭТД қала тұрғындары мен қонақтарын дәрі-дәрмектерді көтеріңкі бағамен сату фактілері белгілі болған жағдайда Комитеттің - 8(7172) 70-84-78, Департаменттің - 8 (7172) 31-61-45 сенім телефондары арқылы хабарлауын сұрайды.

Еске салсақ, бұған дейін дәрінің қымбаттығына шағымдануға болатын өңірлер бойынша телефон нөмірлері жариялаған едік.


Жоғары қарай