Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дариядағы су Қызылордаға қауіп төндіріп тұрған жоқ

2020 жылдың 15 қаңтар 2020 23:35

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Соңғы күндері республикалық кейбір ақпарат агенттіктерінде Сырдария өзенінің деңгейі көтеріліп, Қызылорда қаласын су алу қаупі туындап тұрғанын хабарлаған еді. Жергілікті мамандар журналистерге бұл ақпарат негізсіз екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық ақпарат агенттігінің бірі 9 қаңтарда Қызылорда су торабынан өтіп жатқан су мөлшері 704 текше метрді құрайтынын хабарлады. Ол деректің ешқандай негізі жоқ екенін мәлімдейміз. Қазір «Көксарай» су реттегіші 14 қаңтардан бастап секундына 200 текше метр су қабылдауда. Ол бұған дейін 100-150 текше метрді құраған болатын.

«Шардара» су қоймасынан облыс шекарасына дейін секундына 480 текше метр су келуде. Ал «Қызылорда» су тоспасынан төменгі ағысқа секундына 340 текше метр су өтуде. Айта кетерлігі, қазір Арал, Қазалы аудандары мен Қармақшы ауданының кейбір бөлігінде өзенде мұз ұстасып тұр. Жалағаш, Қармақшы аудандарында сеңнің жүруі 35-40 пайызды құрайды. Дария деңгейі тұрақты түрде бақылауда. Тиісті мекемелер мамандары күн сайын кезекшілік ұйымдастырып келеді. Облыста су басу қаупі бар 56 учаске белгіленген. Бұл нысандарда126 мекеме бойынша 1359 адам кезекшілік жасаса, 411 техника дайындалған», - деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.

«Қазгидромет» мекемесінің облыс бойынша филиалының бас маманы Гүлнар Маманованың айтуынша, қаңтардағы орташа температура мөлшерден 1-2 градусқа жылы болады. Мұның әсерінен дариядағы сең қозғалысы жылдағы мезгілінен ертерек байқалуы мүмкін.


Жоғары қарай