Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Дәурен Теңесов: Тестілеуде көшіріп жазған адам грант ұтып алса, әділетсіз болады

2020 жылдың 25 маусым 2020 16:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мен әділдікті жақтаймын. Сондықтан мемлекеттік білім грантын тыйым салынған заттарды пайдаланған талапкер емес, тест тапсырмаларын тек өз біліміне сеніп орындаған тестіленуші ұтып алғанын қалаймын. Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Тоқсан би орта мектебінің түлегі Дәурен Теңесов осылай дейді. Талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуде 109 балл жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

«Мен өткен жылғы түлектерден «ҰБТ-да көшіріп жазу әбден мүмкін және қалыпты жағдай», «мен шпаргалка пайдаландым», «тыйым салынған заттарды пайдаландым, дегенмен ешкім байқамады» деген әңгімелерді жиі еститінмін. Өкінішке қарай, көптеген түлек көшіріп жазу және тыйым салынған заттарды пайдалануға қатысты оң көзқараста. Менің ойымша, тестіленушілер көбіне шпаргалканы өзіне сенімсіз болған соң пайдаланады немесе материалды толық меңгеруге тырыспайды. Шыны керек, ҰБТ-ға дайындалу үшін уақыт жеткілікті , сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынақтары қолжетімді болды . Тестіленушілердің б арлы ғы дерлік ереже бұзушылықтың салдарлары қандай болатынын жақсы түсінеді. Дей тұрғанмен, кейбіреулер бұл әрекеттерін әрі қарай жалғастырып жатыр», – дейді Дәурен Теңесов.

Дәурен тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған заттар анықталған жағдайда нәтижелерді жою және талапкерді ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен бір жылға айыру әділ шешім деп санайды.

«Биыл калькуляторды қолдануға рұқсат етілді, бұл - талапкер үшін өте жақсы мүмкіндік. Тест тапсыруды жоспарлап отырған түлектерге айтарым: емтиханда шпаргалка немесе қосымша әдебиетті пайдалану мүмкін емес. Барлық аудиторияда бейнекамера орнатылған және онлайн-трансляция жүргізіледі. Нәтижесінде тестіленушілер нақты уақыт режимінде бақыланып, бейнежазба 25 тамызға дейін талданып, зерделенеді. Менің ойымша, талапкерлер тестілеу барысында жаңа ережелерді сақтап, талаптарды барынша орындау қажет екенін түсінген сияқты», – дейді түлек.

Биылдан бастап ҰБТ-ға кіргізу және емтихан кезінде тестіленушіден ұялы байланыс құралдары, анықтамалық материалдар, «шпаргалка» және басқа да ақпарат алмасу құралдары анықталған жағдайда талапкердің нәтижесі жойылады, сондай-ақ ол бір жыл бойы ҰБТ-ны тапсыру мүмкіндігінен айырылады.

«Адам баласы тек өз күшіне ғана сенуі керек. Осындайда Абай атамыздың өнегелі сөздері тілге оралады: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Сондықтан ең алдымен өзімізге сенімді, адал болуымыз керек», - деп Дәурен Теңесов ойын қорытындылады.


Жоғары қарай