Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дауылдан зардап шеккен Ақмола облысының ауылдарында төтенше жағдай жарияланды

2021 жылдың 4 тамыз 2021 22:51

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Степногорск өңірінде болған төтенше жағдай салдарын жою үшін құрылған энергетиктердің шұғыл бригадалары жұмыстарын аяқтады. Электр жарығы әлеуметтік маңызы бар нысандарға, Изобильное және Бестөбе кенттеріндегі үйлерге беріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау Энерго» ЖШС ақпаратына сүйенсек, құйынды дауыл салдарын жоюмен «Көкшетау Энергоның» орталық қызметі мен бөлімшелерінің 7 бригадасы айналысты. Бұл – 120-дан астам адам. Сондай-ақ шұғыл әрекет ету үшін 25 техника мен 18 арнайы техника жұмылдырылды.

«Электрмен қамтамасыз етуді қалпына келтіру үшін трансформаторлық қосалқы станциялар мен діңгектердегі электр желілерінде бір апта бойы үзіліссіз жұмыстар жүргізілді... Барлығы 45 діңгек пен 25 км жуық сым жөнделді», - деді ЖШС-дан.

Анықталған мәліметтерге сәйкес, діңгектердегі электр желілерінің және трансформаторлық қосалқы станцияның зақымдануынан алдымен, Изобильное ауылында 164 абонент жарықсыз қалды.




Сондай-ақ энергетиктердің айтуынша, діңгектердегі электр желілерінің қорғалатын аумақтарында ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілді. Себебі діңгектер астындағы ағаштар электр энергиясының үздіксіз берілуіне қауіп төндіреді. Ал елді мекен аумағында бұл қауіп еселеп артады.

Онымен қоса, Степногорск қаласы әкімінің кеңесшісі Ұлболсын Молдахметова ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағандай, зардап шеккен ауылдарда төтенше жағдай режимі жарияланған.

Еске салайық, 25 шілде күні Степногорск қаласының Изобильное ауылында сағат шашамен 18.15-те дауылды жел соғып, салдарынан электр тарату желілерінің діңгектері зақымдалғаны хабарланды. Сондай-ақ ағаштар құлап, үйлердің шатыры көкке ұшқан.

Құйынды дауыл электр тарататын 40-тан астам діңгекті құлатқан, 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияға айтарлықтай зақым келген. Кейін зардап шеккен ауылдарда төтенше жағдай режимі жариялануы мүмкін екендігі айтылды.










Жоғары қарай