Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Декларациядан – Конституциялық заңға дейін: Қазақстан тәуелсіздігі қалай бекіді

2021 жылдың 9 желтоқсан 2021 12:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.

«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.

Декларациядан – Конституциялық заңға дейін: Қазақстан тәуелсіздігі қалай бекіді

Еркеш НҰРПЕЙІСОВ

құқықтанушы, заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі

1990 жылға қарай КСРО-ның ыдырауы мәселесі болжамдар аймағынан шындық аймағына өтті. Балтық жағалауы республикалары басқаларға үлгі көрсетіп, Кеңес Одағының құрамынан бірінші болып шықты.

Саяси тұрғыдан алғанда КСРО өзінің толық дәрменсіз екендігін танытқан еді. Мұндағы басты кінә тоталитарлық режимі бар коммунистік партияда болатын. КСРО-да мемлекеттен де ықпалды тағы бір күш – Коммунистік партия оның төбесінен төніп тұрды. Мемлекеттің саясатын айқындайтын да тап осы партия болды. Командалық-әкімшілік жүйе құрған экономикалық байланыстар жүйесі толығымен өзінің дәрменсіздігін дәлелдеп, халық орасан зор материалдық тапшылық жағдайында өмір сүріп жатты. Табиғи ресурстардың иен байлығын еншілеп отырған елдердің жағдайы күрт құлдырады. Тұрмыстық түрлі құралдар мен дүние-жиһазды айтпақ түгілі, халықты қарапайым азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзі өзекті болды. Тоқ етері, одақтың орталығынан қабылданатын шешімдердің қордаланған проблемаларға дәрменсіздігі республикалардың зығырын шығарды.

Әйтсе де дәл осы уақытта Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінде мемлекеттік егемендік туралы Декларацияға байланысты қызу жұмыс жүріп жатқан болатын. Оның өзі де қайшылықтарға да, қарсылықтарға да толы болды: қайсыбір тарап сыртқы ықпалға арқа сүйеп негізгі редакцияға тәуелсіз дамуға тосқауыл болатын талай шектеулерді тықпалауға тырысты. Декларацияны ресми жариялаудан біраз бұрын, нақтырақ айтқанда 1990 жылғы 16 қазанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы кеңеске келіп, құжаттың көптеген тармақтары бойынша дәйекті сөз сөйлегені есімде. Декларациядан ұлттық мемлекеттілік, қазақ халқы туралы сөздерді алып тастауды ұсынғандарға қарсы Назарбаев өзінің түбегейлі келіспеушілігін білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы мұның үлкен қателік екенін және халық арасында бұрмалаушылықтар мен түсінбеушіліктер тудырар қаупін дөп басты. Нәтижесінде, ұзаққа созылған талқылаудан кейін Декларацияда Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің барлық негізгі атрибуттары: ел аумағы мен азаматтық мәселелері, ұлттардың тең құқылығы, заң үстемдігі, республика ішіндегі мемлекеттік биліктің дербестігі мен толықтығы секілді мәселелер толық қамтылды.

Алайда, сол кездің өзінде Тұңғыш Президент Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау үшін бір Декларацияның жеткіліксіздігін, мемлекеттік тәуелсіздік туралы арнайы Конституциялық заң дайындауға кірісу қажеттігін жақсы түсінген-ді. Мен де дәл осы идеяны толығымен қолдадым. Әлі есімде, Жоғарғы кеңесте өткен жұмыс тобы отырыстарының біріне заңгер ретінде қатысып, Декларацияның заңнамалық тұрғыдан күші әлсіз екенін, бұл бар болғаны «егемендікке деген ниет» екенін баса айттым. Расында да, Декларация қабылданғанымен Қазақстанның халықаралық-құқықтық тұрғыдағы мәртебесі еш өзгермейді. Біз халықаралық қатынастардың субъектісі бола алмаймыз, дегенмен бұл кезде Қазақстанға барлық жағынан, әсіресе шетелдік бизнес-құрылымдардың назары ерекше ауып отырған болатын. Осының бәрін негіздей отырып, басқа одақтас республикалар сияқты мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң қабылдауды ұсындым. Декларацияның беретін өкілеттіктері таяз еді, шеңбері де тар болатын, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын сақтауға бағытталды десем артық емес. Біріншіден, елді қорғау, екіншіден, бүкіл Одақ шеңберіндегі ұлттық қауіпсіздік, үшіншіден, одақ пен одақтас республикалардың егемендігін қорғау және төртіншіден, сыртқы саяси байланыстар. Бұл айтылғанның бәрін одақтық органдар шешуге тиіс, ал қалған мәселелер одақтық республикалардың шешуіне берілген еді. Қандай да бір проблемаларды шешу кезінде одақтық республикалар өзара тікелей байланысқа, шарттық қатынастарға түсуге тиіс болатын. 1991 жылғы желтоқсанға дейінгі бір жыл ішінде құжаттың бірде-бір ережесі іске асырылған жоқ. Кеңес Одағының ыдырау процесі бақылаудан тыс, бей-берекет жүріп жатты. КСРО-ны сақтау туралы мәселе тұрған да жоқ еді, Одақ келісіміне қол қою ісі тоқтап қалды.

Декларацияның саяси өмірге тың ештеңе әкелмегеніне көз жеткен соң, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң жобасымен жұмыс біртіндеп басталды. Оны Талғат Донақовпен бірге қолға алдық, ол кезде Мемлекет және құқық институтында бірге істейтінбіз, қазір ол – Жоғары сот кеңесінің Төрағасы. Осылайша, біз 1991 жылдың тамызына қарай заң жобасымен жұмысты толық аяқтадық.

Әйгілі тамыз дүрбелеңінен кейін егемен республикалардың ешқандай да жаңа одағы қалыптаспайтыны әбден белгілі болды. Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң жобасы Жоғарғы Кеңестің депутаты Сұлтан Сартаевқа берілді, өйткені оның депутат ретінде заңнамалық бастамашылық жасау құқығы бар еді. Ол бұл заң жобасын Парламентке енгізді. Ең бастысы – бұл заңда Қазақстанның басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарын халықаралық құқықтық нормалар негізінде құратын дербес, егемен, тәуелсіз мемлекет болып табылатыны айқын жазылған. Сол кездегі қалыптасқан жағдайды жіті бақылап отырған біз, заң жобасын талқылау ұзаққа созыла ма деп топшалаған едік. Ол солай болды да. Ақыр соңында мұнда да Нұрсұлтан Назарбаев факторы ерекше рөл атқарды. Бүкілхалықтық сайлау арқылы Қазақстан Президенті мәртебесін иеленген Назарбаев 1991 жылы бұл заң жобасына қолдау білдіріп, Жоғарғы кеңестің қарауына ұсынды. Нәтижесінде 1991 жылдың 16-желтоқсанында «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Бұл дата – ел мерейін еселейтін айрықша мемлекеттік мерекеге айналды. Дәл осы күннен, осы сәттен бастап Қазақстан халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде әлемдік қауымдастық қатарына аттады.


Жоғары қарай