Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Дельта» штамының ерекшелігі: Пациенттер іші, асқазаны ауыратынын айтады

2021 жылдың 18 шілде 2021 19:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов «Дельта» штамының ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, коронавирустың «Дельта» штамында аурудың аса ауыр түрі байқалып отыр. Сонымен қатар, бұл штамм аса біліне қоймайтындықтан жұқтырған адам ауырғанын байқамай қалуы да мүмкін.

«Дельта» штамының ерекшеліктері: ол агрессивті, алғашқы уақытта іш қатты ауырады, яғни пациенттердің көбісі іші, асқазаны ауыратынын айтып жатады. Ал ПТР тест алған кезде науқастардың өкпеге айтарлықтай зақым келгені анықталып жатыр», - деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, «Дельта» штамы өте жылдам жұғады. Оның инкубациялық кезеңі 7 күннен аспайды, көптеген науқаста 3-4 күнде іші ауырып, 5-6-күндері жөтеліп, өкпесі зақымдалады.

Дегенмен, басқарма басшысы вирус қалай мутацияланса да онымен күресте вакцина тиімді болып қала беретінін айтты. Ол сондай-ақ екпенің қалай әсер ететінін түсіндіріп берді.

«Жаңадан вакцинацияланған адам вирус тасымалдаушы бола ала ма? Бұл мүмкін емес, ол адамда тірі вирус жоқ. Ол ағзада көбеймейді. Вакцинаның мақсаты – иммунокомпетентті жасушаларға жету және оларды қоздыру арқылы, иммуноглобулин түрінде жауап алу, яғни антидене шығарады. Бұл жасушаның жады пайда болады және ол вирус келгенде жеткілікті мөлшерде антидене шығара бастайды. Яғни, ағзаны қорғау үшін белгілі бір мөлшерде антиденелер әрдайым қанның құрамында болады», - деп түсіндірді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.


Жоғары қарай